Түркістанда салық саясатындағы тың тәсілдер талқыланды

Түркістанда салық саясатындағы тың тәсілдер талқыланды

26.08.2025 18:09:48 130

ҚР Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіруге байланысты жүйелі жұмысты қолға алып, реформа жайлы кәсіпкерлер мен халықты құлақтандырып келеді. Ведомство бизнес өкілдерімен кездесу арқылы енгізілетін жаңашылдықтар жөнінде ақпарат жеткізіп, тиісті нормалардың практикалық қолданысқа және реформаның артықшылықтарына баса мән беруде. Осы жұмыстың аясында Түркістан облысында «Атамекен» ҰКП қолдауымен 2026 жылы күшіне енетін Салық кодексінің ережелерін түсіндіруге арналған көшпелі семинар өтті.

Жиынға ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов пен МКК қызметкерлері қатысты.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты серпіні байқалып келеді. Биылғы қаңтар-шілде аралығында өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі қазіргі бағамен шаққанда 852 050,6 млн теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 12, 3% артқан. Ал өңірлік жалпы өнім көлемі (биылғы қаңтар-наурыз айларында) 1 053 912,6 млн теңгеге жетіп, нақты өсім 9,1% межесінде байқалды. ӨЖӨ құрылымында тауар өндірісінің үлесі 37,1%, ал көрсетілетін қызметтердің көлемі 57,7% көрсеткен.

Кәсіпкерлер үшін ерекше маңызды өзгерістердің бірі – ҚҚС әкімшілендіру ісін жетілдіру мен корпоративті табыс салығы әрі ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерге көшуге байланысты болып отыр. ҚҚС әкімшілендіру ісін жетілдіру рәсімдерді жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайту мен бизнес пен мемлекет арасындағы даулы жағдайларды барынша төмендетуге бағытталған. Бұл компанияларға уақыт пен ресурстарды үнемдеп, өз істерін дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді.

«Корпоративті табыс салығы мен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу салалардың ерекшеліктері мен кәсіпорындардың табыс деңгейін ескеретін неғұрлым икемді тәсілді қарастырады. Мұндай тетік әділ салық жүйесін орнатып, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ экономиканың басым секторларын дамытуға жол ашады», деді Ж.Нұржанов.

Семинарға өңірдің шамамен 400 кәсіпкері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Келесі семинар 27 тамызда Шымкент қаласында өтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1057142?lang=kk