Аудан басшысы оқу орындарының жұмысымен танысты

Аудан басшысы оқу орындарының жұмысымен танысты

03.09.2025 09:40:56 473

Жаңа оқу жылы қарсаңында ауданымыздағы оқу ошақтарының жай-күйі мен жетістіктері – басты назарда. Осыған орай, бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, дайындық жұмыстарымен танысты.

Алғашқы нысан – Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектеп болды. 763 оқушы білім алатын бұл мектепте биылғы жылы 1-сыныпқа 80 бала қабылданды. 11-сыныпты 28 түлек бітіргелі отыр. Былтырғы 29 бітірушінің ішінде 5 «Алтын белгі», 1 «Үздік аттестат» иегері шығып, толығымен мемлекеттік білім грантын иеленген.

Ерекше атап өтерлігі – ұлттық құндылық пен шығармашылықты ұштастырған «Аламан құрақ – 2025» жобасы аясында білім ордасы Global World Book of Records рекордтар кітабына енді. Сондай-ақ, материалдық-техникалық база бойынша да ілгерілеу байқалады. 2024 жылы мектеп дәлізінің кафельдері жаңартылып, 23 оқу бөлмесінің есіктері ауыстырылған. Сонымен қатар, ойын алаңына 7,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген.

Жылдық білім сапасына жасалған мониторинг нәтижесінде көрсеткіш 1,3%-ға өскен. Мұғалімдердің кәсіби даму белсенділігі артып, ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүйелі жолға қойылған.

Мектеп ұжымы 2023 жылы аудан әкімінің «Жыл таңдауы» марапатына лайық деп танылса, бұған дейін «Үздік жаңа идеялар жаршысы» атанған.

Келесі кезекте аудан басшысы Қармақшы аграрлы-техникалық колледжіне барды. 66 жылдан аса тарихы бар бұл оқу орны – ауыл шаруашылығы, ветеринария, құрылыс, көлік және жеңіл өнеркәсіп бағыттары бойынша 8 мамандық, 10 біліктілік негізінде маман даярлайды.

2021 жылы «Жас маман» жобасы аясында колледжге заманауи тігін машиналары әкелініп, 4 зертхана және 1 теориялық оқу кабинеті жабдықталған. Қазіргі таңда 2025-2026 оқу жылында колледжге 60 студент қабылданып, жалпы білім алушылар саны 160-қа жетті. 29 түлек колледжді аяқтап, оның ішінде 15-і жұмыспен қамтылды.

Оқу орнында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Материалдық-техникалық база заманауи талаптарға сай жабдықталып, сапалы білім беруге толық мүмкіндік жасалған.

Мұнан соң аудан әкімі №121 орта мектепте болды. Оқу орнының жаңа оқу жылына дайындығы, педагогикалық құрамның сапасы мен оқушылар жетістігі талқыланды.

Қазіргі таңда бұл мектепте 600 оқушы білім алуда. 2025 жылғы бітірушілер саны – 30. Сондай-ақ 3 «Алтын белгі», 2 «Үздік аттестат» иегерлері толығымен мемлекеттік грант иегерлері атанды.

2022 жылы мектеп ғимаратына толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Дегенмен, сапар барысында мектеп ауласындағы тас төсегіш (брусчатка) жұмыстары барысында кемшіліктер анықталды. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша қалпына келтіру шаралары қолға алынып, қажет болған жағдайда сотқа талап-арыз беру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сонымен қатар оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында 11,9 млн теңге қаражатқа заманауи спорт алаңы салынған.

Құрал-жабдықтармен толық қамтылған білім ордасы жаңа оқу жылы мен жылу беру маусымына толық дайын.

Аудан әкімі білім беру ұйымдарының басшыларына жаңа оқу жылында сапалы білім беруді қамтамасыз етуді, оқушылардың шығармашылық және ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар, білім саласына қажетті көмектер мен қолдау шаралары әрдайым көрсетілетінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1060889?lang=kk