Ақмол ауылында жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша семинар өтті
05.09.2025 16:50:42 96
Ақмол ауылында Целиноград, Шортанды, Аршалы және Ерейментау аудандарының салықтөлеушілеріне жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша семинар өтті.
Негізгі жаңашылдықтар жөнінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшының орынбасары Бауыржан Шәйкенов мұқият айтып берді. Ол салық жүктемесін азайту мен кәсіпкерлерге фискалды сервистердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған өзгерістер туралы жеткізді.
Маңызды өзгерістердің қатарында:
- ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған салық жеңілдіктерін сақтау мен кеңейту, оның ішінде төмендетілген мөлшерлемелер мен қосымша шегерімдер;
- арнайы салық режімдерінің қарапайым әрі түсінікті жүйесіне көшу – енді олардың саны - 3, есептілігі минималды;
- бірыңғай жер салығының күшін жою, бұл жер пайдаланудың ерекшелігін неғұрлым икемді етіп, фермерлердің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді;
- қашықтан қызмет көрсетуді енгізу – мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы декларация тапсыруға, есептіліктің мәртебесін қадағалауға және салықтарды мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ төлеу қызметін жолға қою;
- ҚҚС-тың қосымша есебін сақтау тетігі, оның үлесін 80% дейін арттыру – техника мен ресурстарды сатып алатын агроөндірістер үшін аса маңызды;
- көлікке қатысты жаңа жеңілдік – фермерлік шаруашылықтарға арналған АСР аясында бір пикапқа (жеңіл жүк көлігі) байланысты салықтан босату.
Өз кезегінде семинарға қатысқан азаматтар жаңа нормаларды тәжірибеде қолдану, жаңа мөлшерлемелер бойынша салықты есептеу, цифрлы сервистерді пайдалану тәртібі және бұрын тапсырылған декларацияларды түзету мәселелеріне қатысты сұрақтарды қойды.
Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаттарының бірі – шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ салық жеңілдіктері жүйесі арқылы экономиканың басымдыққа ие салаларын ынталандыру.
Бұл ретте аталған семинар ведомствоның жаңа реформаны түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпарат жұмысының бір бөлігі екенін айта кетейік.
Мұндай кездесулер бизнеске жаңа жағдайға тез бейімделіп, өз кәсіптерін тиімді жоспарлауға жол ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1062805?lang=kk