Кендала ауылында жаңа автобус бағыты іске қосылды
07.09.2025 13:20:18 169
Талғар ауданының Кендала ауылында тұрғындар үшін маңызды жаңалық – жаңа автобус бағыты іске қосылды. Бұған дейін дачалық массив тұрғындары балалардың мектепке, ал ересектердің аудан орталығына жетуінде қиындықтар туындап келген еді.
Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша автокөлік және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары, бөлім басшысы Асқат Досжановтың жетекшілігімен, №4 маршрут қозғалысын түзетіп, жаңа бағыт енгізді. Енді «Тегістік» бау-бақша серіктестігін Талғар қаласымен байланыстыратын автобус 13 көшені қамтиды.
Маршрут саяжайларға кіріп, Сейфуллин атындағы №2 мектептің, аудандық аурухананың, әкімдіктің, орталық базардың жанынан өтіп, қала орталығына шығады. Бірден төрт автобус жолға шығарылып, ауыл тұрғындарының қатынауына едәуір жеңілдік жасалды.
Жолақы Alempay картасымен – 120 теңге, балаларға – 60 теңге, қолма-қол – 200 теңге болып белгіленді. Асқат Досжановтың айтуынша, жаңа бағыттың ашылуы тұрғындардың көпшілік өтініштеріне тікелей жауап болды.
Бұл өзгеріс Кендала ауылдық округінің тұрғындары үшін оқу, жұмыс және медициналық мекемелерге тез әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік беріп, олардың өмір сапасын арттыра түседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063155?lang=kk