Агроөнім экспорты 1,5 еседен астам өсті

Агроөнім экспорты 1,5 еседен астам өсті

07.09.2025 13:20:19 253

Алматы облысы шетел нарығында сұранысқа ие өнім көлемін арттырды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты жылдан-жылға артып келеді.

Бұл — өңір агросекторының әлеуеті өсіп, сыртқы нарықта сұранысқа ие бола бастағанының көрсеткіші.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылы облыстың агроөнім экспорты 249,6 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 397,2 миллион долларға жетіп, 1,5 еседен астам ұлғайған. Яғни небәрі екі жылдың ішінде экспорт көлемі 147,6 миллион долларға артқан.

2025 жылдың алғашқы алты айында шетелге 226,3 миллион доллардың өнімі жөнелтілді. Бұл — жыл соңына дейін өткен жылғы көрсеткіштен де асып түсуі мүмкін екенін аңғартады.

Экспорт көлемінің ұлғаюына бірнеше фактор ықпал етті: сапалы өнім өндіру, қайта өңдеу кәсіпорындарының дамуы және шетелдік нарықпен тиімді байланыс орнату. Сонымен қатар, мемлекеттің ауыл шаруашылығына бағытталған қолдау бағдарламалары да өз әсерін тигізіп отыр.

Алматы облысы бүгінде ет, құс еті, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерін экспорттауда алдыңғы қатарға шықты. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мен еңбекқор шаруалары сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр.

Агроэкспорттың артуы — тек экономикалық пайда ғана емес, бұл – ауылда жұмыс орындарының көбеюі, фермерлердің табысының артуы және өңірлік экономиканың нығаюы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1063154?lang=kk