«Елі ардақтаған- Елеусін аға»
08.09.2025 13:00:23 289
Бүгін «Руханият» орталығында Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Қайназаровтың өмір жолы мен өнегелі еңбегін дәріптеуге арналған «Елі ардақтаған – Елеусін аға» атты танымдық конференция өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов арнайы қатысып, қоғам қайраткерінің ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.
Өз сөзінде ол:
«Қоғам қайраткері Елеусін Қайназаровтың рухы, жасаған жарқын істері ешқашан ұмытылмақ емес. Ел іргесінің берік қалануына сүбелі үлес қосар атпал тұлғалардың алтын қолтаңбалары ел жадында мәңгі сақталады. Рухани серпіліс пен ұлттық мұра жолында талмай еңбек ету – баршамыздың ортақ борышымыз. Бүгінгі конференцияда айтылған мазмұнды ойлар мен деректер баршамыз үшін рухани азық боларына сенемін», – деді.
Конференция аясында тағылымды баяндамалар тыңдалды. Алғашқы болып сөз алған Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов Елеусін Қайназаровтың ел үшін атқарған қызметтері мен саяси ұстанымдарының мәніне терең тоқталды.
Сондай-ақ, Елеусін ағаның қызы – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қайназарова Ақбаян Елеусінқызы әкесінің адами болмысы мен отбасындағы тәрбиесі жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, ғылыми-танымдық негізде мазмұнды баяндама жасады.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков,
ҚР Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, подполковник Е. Назарқұлов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ш. Құндақбаев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы К. Раева, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы У. Маханбетова тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, жылы лебіздері мен естеліктерін ортаға салды.
Конференция соңында кітапхана қорына кітап сыйлау рәсімі ұйымдастырылып, Елеусін Қайназаровтың өмірі мен еңбегі жайлы құнды еңбектер табысталды.
Айта кетерлігі, кітап табыстау рәсімінен кейін қатысушылар Елеусін Қайназаровтың жары, өмірлік серігі, әйгілі «Гауһартас» фильміндегі әндерді шырқаған Сәжида Ахметованың әсем дауысын тыңдады. Оның әуезді әні мен нәзік үні жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі.
Сонымен қатар, кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздарының орындауындағы көркем ән-күйлер кеш көркін аша түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1063506?lang=kk