Ақмола облысында орақ науқаны қызу жүріп жатыр

Ақмола облысында орақ науқаны қызу жүріп жатыр

08.09.2025 14:30:27 201

Ақмола облысында орақ науқаны қарқын алуда: диқандар 2 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды бастырды.

Шортанды ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов «Петровское» АҚ алқаптарын аралап, ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Өңір басшысы Ақмола облысы елдің астықты аймағы әрі басты аграрлық өңірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы өңірдің агроқұрылымдары саланың дамуына драйвер болуы тиіс:

«Мол өнім, жоғары қайтарым және әлеуметтік жауапкершілік қатар жүруі қажет. Жер құнарлылығын тиімді пайдалану, ғылыми тәсілді енгізу және мемлекеттік қолдауды орнымен қолдану керек. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда ауыл шаруашылығы экономиканың басты драйверіне айналуы тиіс екенін айқын атап өтті», – деді Марат Ахметжанов.


Шортанды ауданында 199,5 мың га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, шамамен 40 мың га мал азығы дақылдары егілген. Бүгінгі күнге дейін егіс алқаптарының 30%-ы жиналды, орташа өнімділік 15,5 ц/га құрап, 108,9 мың га бастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-ush/press/news/details/1063527?lang=kk