REKA компаниясының Қазақстандағы бастамаларының перспективалары Нидерландта талқыланды

REKA компаниясының Қазақстандағы бастамаларының перспективалары Нидерландта талқыланды

08.09.2025 15:31:28 220

2025 ж. 4 қыркүйек – Нидерландтық REKA компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейту және орнықты ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қазақстандық дипломаттармен өткен кездесуінде талқыланды.

Елші Қайрат Әбдірахмановтың компанияның Бас директоры Арон Оостукпен және Басқарушы директоры Эрик Эгбертспен әңгімесі барысында компанияның Батыс Қазақстан облысындағы алғашқы өндірістік кәсіпорынды іске қосқаны және ұлттық әрі өңірлік нарықтағы жобаларын кеңейту жоспарының маңыздылығы зор ризашылықпен атап өтілді.

Шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, даму институттарымен, жергілікті билік органдарымен, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар әкімшіліктерімен өзара іс-қимыл мүмкіндіктері сынды ерекше қызығушылық тудыратын сұрақтар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтар  қызметін жетілдіру және қолайлы жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Тараптар орнықты агрожобаларды енгізу, «көміртекті егіншілік» әдістерін қолдану, сондай-ақ Қазақстанның өзге өңірлерінде жаңа өндірістік бастамаларды іске асыру үшін заманауи қаржылық құралдарды пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасты. REKA компаниясының қазақстандық серіктестермен сындарлы өзара іс-қимылы және өндірістік желілерді іске қосуы Нидерланд іскер топтарының жергілікті нарыққа өсіп келе жатқан қызығушылығын көрсетіп, екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтуға салмақты үлес қосуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1063546?lang=kk