Қазақстан Сыртқы істер министрі Пәкістанға ресми сапармен барды
09.09.2025 18:31:05 211Исламабад, 2025 жылғы 9 қыркүйек – Пәкістан тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Қазақ делегациясының құрамына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, сондай-ақ еліміздің өзге де мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарының өкілдері кірді.
Сапар аясында Қазақстан СІМ басшысы Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дармен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге баса назар аударылды.
Атап айтқанда, сыртқы саяси ведомстволарының басшылары алдағы жылдары тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізу үшін практикалық шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика және IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары бойынша пікір алмасты. Көліктік өзара байланысқа және транзиттік логистиканың тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді.
«Пәкістан – Оңтүстік Азиядағы уақыт сынынан өткен досымыз әрі маңызды серіктесіміз. Екі ел арасында жоғары деңгейдегі байланыстарды қоса алғанда, мазмұнды саяси диалог жолға қойылған», – деді М.Нұртілеу.
Өз тарапынан Пәкістанның Сыртқы істер министрі Исламабадтың Астанамен практикалық байланысын кеңейтуге мүдделілігін атап өтті.
«Елдеріміз сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Біз халықтарымыздың тұрақты әрі гүлденген болашағы үшін бірлескен күш-жігерге жаңа серпін беру үшін жұмыс істеуге дайынбыз», – деді М.Дар.
Сұхбаттастар өңірлік және жаһандық күн тәртібі, оның ішінде БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ, ИЫҰ шеңберіндегі диалог, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету кезінде өзара қолдау көрсету мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді».
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалары бөлек талқыланып, министрлер гуманитарлық алмасуларға, соның ішінде туризм, спорт және білім беру саласындағы кооперацияны нығайтуға жаңа серпін беруге өзара ниетін растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты жалғастыруға, басым секторлардағы бірлескен жобаларды жандандыруға және бейінді мемлекеттік органдар арасында тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге уағдаласты.
Кездесу соңында Қазақстан мен Пәкістан сыртқы істер министрліктері арасында 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылып, бұл құжат қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асырудың маңызды құралына айналмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1064736?lang=kk