Көппәтерлі тұрғын үйдің инвентарлық тізімі не үшін қажет?
09.09.2025 19:10:17 172
Көппәтерлі тұрғын үйдің инвентарлық тізімі не үшін қажет
Көппәтерлі тұрғын үйдің инвентарлық тізімі — бұл үйдің барлық ортақ мүлкі элементтерін, олардың техникалық жағдайын, сипаттамаларын және тиесілілігін көрсететін ресми құжат. Мұндай тізімнің болуы үйді басқаруда ашықтықты қамтамасыз етеді, меншік иелерінің құқықтарын қорғайды және үйді күтіп-ұстау мен жөндеу процесін жеңілдетеді.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелеріне ортақ үлестік меншік құқығында тиесілі. Оны есепке алу және қорғау үшін инвентарлық тізім жасалады, ол ортақ мүліктің шекаралары мен құрамын айқындаудың негізі болып табылады.
МИБ төрағалары және басқару субъектілері инвентарлық тізімді жылына кемінде бір рет немесе жабдықтарды ауыстыру мен күрделі жұмыстар жүргізу кезінде толтыруға міндетті.
Ашықтық және тұрғындардың мүдделерін қорғау
Инвентарлық тізім ортақ мүлікке жататын барлық элементтерді: қабырғалар, шатырлар, кіреберістер, инженерлік желілер, жертөлелер, шатыр асты орындары, лифт жабдықтары және аула аумағын тіркейді. Бұл меншік иелеріне қай объектілерді бірлесіп күтіп-ұстау қажеттігін нақты түсінуге мүмкіндік береді және ортақ үй-жайларды үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз иемденуден қорғайды. Көппәтерлі тұрғын үйдің инвентарлық тізімі болған жағдайда ай сайынғы тарифтің нысаналы жұмсалуын қадағалау оңайырақ болады.
Жиналымдар мен сметаларды есептеу негізі
Инвентарлық тізім үйді күтіп-ұстауға арналған сметаны жасау және меншік иелерінің ай сайынғы жиналымдарын есептеу үшін пайдаланылады. Тізім неғұрлым дәл жасалса, шығындар тұрғындар арасында соншалықты әділ бөлінеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-enc/press/news/details/1064775?lang=kk