Алматы облысы цифрлық трансформация қарқынын күшейтуде
10.09.2025 20:30:21 223
Алматы облысы елдегі цифрлық трансформацияға қарқын беріп отырған жетекші өңірлердің бірі саналады. Бұл бағыт өңірде қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар арқылы дәлелденуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырыста өңірде жүріп жатқан өзгерістер мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті.
Өңірде Алатау қаласының инновациялық инфрақұрылымы салынуда, жерді спутниктік бақылау енгізілуде, жасанды интеллект құрылыс алаңдарында және су ресурстарын басқару жүйесінде қолданыла бастады. Сонымен қатар, өнеркәсіп, логистика, туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары дамуда. Бұл Президент Жолдауында көрсетілген цифрландыру мен инновацияға деген басымдықпен толық үйлеседі.
Негізгі басымдық – инвестиция тарту. Бірнеше айдың ішінде өңірге жарты триллион теңгеден астам қаражат тартылды. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге жуықтайды деп күтілуде. Әкім Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, инвесторлар үшін ең бастысы – ашық ережелер, жедел шешім қабылдау және кооперация алаңдарының болуы. Бұл міндеттерді Alatau АЭА мен «Қонаев» ӘКК жүзеге асырады.
Алатау қаласы инновациялар орталығы әрі бүкіл облыс үшін «цифрлық полигон» ретінде қарастырылуда. Мұнда бас жоспар бекітілді, шағынаудандар қалыптасты. Болашақта қалаға ерекше мәртебе беріліп, өзгеше юрисдикция қарастырылмақ. Алатауда сынақтан өткен шешімдер ертең бүкіл өңірде, тіпті ел көлемінде енгізілуі мүмкін: «ақылды» ТКШ-дан бастап басқарудың цифрлық платформаларына дейін.
Өңірдің экономикалық іргетасы энергетика мен инфрақұрылымды дамыту арқылы нығаюда. Күн және жел электр станцияларын салу бойынша ірі меморандумдарға қол қойылды. Бұл Мемлекет басшысы қойған энергетикалық қауіпсіздік міндеттеріне толық сәйкес келеді.
Көлік-логистика саласында Алматы торабының жүктемесін азайтуға басымдық берілген. «Жетіген – Қазыбек бек» теміржол желісі салынып жатыр, заманауи көлік-логистикалық хаб пен жаңа логистикалық парктер құрылуда. Автожолдарға қатысты нақты межеге қол жеткізу жоспарланған – кемінде 95 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда болуы тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев атап өткендей, агросекторда негізгі басымдық – дәлме-дәл егіншілік пен суды тиімді пайдалану. Тозған желілер үлкен шығынға әкелуде. Осыған байланысты өңірде арналарды қайта жаңғырту, заманауи суару технологияларын енгізу және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қайтару шаралары жүзеге асырылуда.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері инвестиция мен жұмыспен қамтудың орталығына айналуы тиіс. 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуі қажет, – деді Рустам Исатаев.
Бұл міндеттерді шешуде дрондар, спутниктер мен жасанды интеллект күнделікті бақылаудың тиімді құралына айналып келеді.
Өңір әлеуметтік салада да цифрлық дәуірге қадам басуда. «Болашақ мектептері» салынып, жасанды интеллектке басымдық берілген білім беру жүйесі қалыптасуда. Жаңа медициналық мекемелер ашылып, әлеуметтік көмек нақты мұқтаж жандарға бағытталуда. Тұрғын үй құрылысы қолжетімділікке бағдарланса, коммуналдық қызметтер «ақылды» жүйеге біріктірілуде – таза сумен қамтудан бастап газдандыруға дейін.
Президент атап өткендей, туризм – экономиканың маңызды драйвері. Алматы облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде, әсіресе тау кластерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
– Қазіргі таңда тау кластерін инженерлік инфрақұрылыммен және көлік қолжетімділігімен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. «Ой-Қарағай» курортына газ құбыры тартылуда, сыртқы электрмен жабдықтау жобалары әзірленуде, туристік базаларға жол салу жоспарланған. Мұның барлығы туристер ағынын жылына 850 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді «Ақ Бұлақ» шипажайының директоры Сұңқар Искаков.
Қазірдің өзінде туристер саны артып келеді, жаңа курорттар салынып, инфрақұрылым жүргізілуде. Туризм жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзіне айналып отыр.
Осылайша, Алматы облысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық міндеттердің аясында жасанды интеллект дәуіріне батыл қадам жасауда. Цифрлық Алатау, жасыл энергетика, заманауи жолдар, жаңа мектептер мен медициналық нысандар, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы мен ТКШ-дағы «ақылды» технологиялар – өңірдің алдағы жылдардағы басты бағыты болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1065604?lang=kk