Сеулде Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды
15.09.2025 10:11:00 128
Сеул, 2025 жылғы 14 қыркүйек – Корея Республикасының астанасында Елші Нұрғали Арыстановтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты ҚР халқына Жолдауына арналған дәрісі өтті.
Іс-шара Орталық Азия – Корея Республикасы ынтымақтастық Форумы Хатшылығының қолдауымен ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында академиялық және іскер топтардың өкілдері, халықаралық ұйым қызметкерлері мен студенттер болды.
Өз сөзінде Елші Арыстанов Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталып, Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығын, инфрақұрылымды және логистиканы дамытуға озық технологияларды енгізу бастамаларын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол Alatau City жобасы, «ақылды қалаларды» дамыту, жасыл бастамалар және туризмді ілгерілету мәселелеріне назар аударды.
Қазақ дипломаты бұл бағыттардың Оңтүстік Корея тәжірибесімен және басымдықтарымен үйлесетінін айтып, цифрландыру, инновациялар, жасыл энергетика және урбанистика салаларындағы бірлескен жобаларға кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Сондай-ақ, екі елдің күш-жігерін біріктіру ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Іс-шара аясында қонақтарға қазақстандық қоғамдағы толеранттылық пен этносаралық келісім дәстүрлерін айқын бейнелейтін «Менің үлкен қазақ отбасым» көркем фильмі көрсетілді. Көрсетілімді корей көрермендері жылы қабылдады.
Бағдарламаның мәдени-ағартушылық бөлігі ерекше қызығушылық танытты. Елші Нұрғали Арыстанов балалар мен ата-аналарға қазақ тілінде «Батыр қоян» атты ертегісін оқып берді (авторы Мейіржан Жылқыбай) және оның корей тіліндегі нұсқасы кәсіби дауыстау актрисасының орындауында ұсынылды. Бұл бастама Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени алмасудың және достықты нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.
Сонымен қатар Елші Орталық Азия – Корея Республикасы ынтымақтастық форумы Хатшылығының Атқарушы директоры Ли Чон Гукпен кездесті. Тараптар Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, Қазақстан Президентінің Жолдауында айқындалған бағыттар тұрғысынан саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1067451?lang=kk