Алматы облысының Жалағаш ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды
15.09.2025 17:40:54 155
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Кеген ауданына барып, Жалағаш ауылында жаңа Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты шарада аймақ басшысы жаңа нысанның ауыл тұрғындарының рухани және мәдени өміріндегі маңызын атап өтті:
«Жаңа Мәдениет үйі – өнер мен руханияттың ордасы, жастардың дарынын ашып, шығармашылыққа шабыт беретін мекен болады деп сенеміз. Бүгінде облыста 294 мәдени нысан жұмыс істейді. Биыл олардың 24-інде құрылыс, күрделі және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде 9 ғимарат салынды, 5 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды, 6 нысан жөнделіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4 кітапхана жаңғыртылды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа Мәдениет үйі ауылдағы ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Бұрынғы нысан 1959 жылы пайдалануға берілген болатын, онда небәрі 4 қызметкер еңбек етті. Қазіргі заманауи талаптарға сай салынған жаңа ғимарат бірқатар мәселені шешті. Енді Мәдениет үйінде 250 адамға дейін шара өткізуге мүмкіндік бар. Мұнда 8 қызметкер жұмыс істейді, оның төртеуі – мәдениет саласының мамандары. Сондай-ақ үйірмелер саны 10-ға дейін артты, бұл ауыл жастарының өнер мен шығармашылықпен айналысуына кең мүмкіндік береді.
«Жаңа Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастарды мәдениетке тартып, ауыл өмірін жаңғыртуға жол ашады. Қымбатты жерлестер, бұл жаңа мәдени орталық ауылымызға жаңа серпін мен мүмкіндік береді. Мәдениет – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Өнер мен мәдениетке арналған осы орталық ауылымыздың дамуына зор үлес қосып, сіздерге қуаныш пен рухани азық сыйласын. Қасиетті шаңырағымыз құтты болсын!» – деді облыс әкімі.
Салтанат соңында аймақ басшысы Мәдениет үйінің кілтін табыстады. Жалағаш ауылының құрметті ақсақалы Нұраш Бейсенбайұлы да сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, аудан және ауыл әкімдеріне алғысын білдірді:
«Бүгінгі қуаныш құтты болсын! Шаңырағы биік, босағасы берік, есігі ашық болсын. Ауылымыз бірлікте болсын. Халқы өскен ел бір-бірін батыр дейді. Біз де елімізді басқарған азаматтарымызды қолдауымыз керек. Осы ауылдан Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Димаш Құдайберген сынды алыптар шықсын», – деді ол.
Жалағаш ауылындағы Мәдениет үйінің ашылуы – өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. Биыл Алматы облысында ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға арналған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1068178?lang=kk