Алматы облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақындады

Алматы облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақындады

16.09.2025 15:50:51 39

Алматы облысында егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 103 мың гектардан астам дәнді дақыл орылып, бұл жалпы алқаптың 65 пайызын құрайды. Қамбаға 191,7 мың тоннадан астам астық түсті.

Негізгі үлесті бидай мен арпа алады. Атап айтқанда, 34,5 мың гектар алқаптан 55 мың тонна бидай жиналды. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрады. Ал арпа 62,5 мың гектардан бастырылып, 107,8 мың тонна өнім алынды. Орташа түсім гектарына 17,2 центнер болды.

Сонымен қатар жүгері жинау жалғасуда. Қазіргі таңда 3 мың гектар (6 пайыз) алқаптан 22 мың тоннадан астам өнім алынды. Бұл дақылдың орташа өнімділігі гектарына 74 центнерден асты.

Картоп пен көкөніс те мол өнім беруде. Бүгінге дейін 116,6 мың тонна картоп, сондай-ақ 347,1 мың тонна көкөніс пен бақша дақылдары жиналды. Орташа өнімділік тиісінше гектарына 204 және 263 центнерді құрады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, ауа райының құбылмалығына қарамастан, науқан жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, Балқаш ауданында мал азығын дайындау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. «Өтес-Ақдала» шаруашылығында 400 гектардан астам жоңышқа алқабы бар. Екінші орым толық аяқталды, алдағы уақытта үшінші орымға кірісу көзделуде.

Шаруашылық жетекшісі Марат Дүйсенов өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ол қажет болған жағдайда өзі трактор немесе комбайн тізгіндейді. Заманауи техника – неміс комбайны, престеу жабдықтары және тракторлар уақытылы жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, шаруашылықта 386 гектарға күріш егілген. Биылғы ыстық жаз егіннің өсуіне қолайлы болды.

Мамандардың айтуынша, алдағы апталарда облыстағы барлық егіс алқаптары толық жиналып, жұмыстар толық аяқталатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1068831?lang=kk