Қазақстан мен Польша миграциялық және визалық ынтымақтастықты арттыруға келісті

Қазақстан мен Польша миграциялық және визалық ынтымақтастықты арттыруға келісті

17.09.2025 08:00:49 132

Варшава, 2025 жылғы 16 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшісі Н. Жалғасбаев пен Польша Республикасының Ішкі істер және әкімшілік вице-министрі М. Дужчиктің кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар көші-қон және виза саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ екі елдің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды талқылады. Ерекше назар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздер процесінде Польша тарапынан қолдау көрсету мәселесіне аударылды. Елші Н. Жалғасбаев Польшаның белсенді ұстанымы ЕО институттары деңгейінде шешімдердің жедел қабылдануына маңызды ықпал ете алатынын атап өтті.

Сондай-ақ визалық саладағы екіжақты шарттық-құқықтық базаны жаңарту қажеттілігі, атап айтқанда 2007 жылғы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қою мәселесі қаралды. Бұл құжат визалық талаптардан босатуды тек дипломатиялық емес, сонымен қатар қызметтік паспорт иелеріне де таратуға мүмкіндік береді.

Кездесудің жеке тақырыбы ретінде Польша–Беларусь шекарасының уақытша жабылуына байланысты қазақстандық тасымалдаушыларға қойылған шектеулер қозғалды. Тараптар аталған шектеулер алынғаннан кейін бұл мәселені қайта қарастыру сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін практикалық шешімдер әзірлеуге жол ашатынын атап өтті.

Польша тарапы сондай-ақ еңбек саласында келісімге қол қоюға мүдделілік танытты. Мұндай құжат еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға және екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға ықпал ететіні атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Польша арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту мүддесінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыру және кеңейту ниеті расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1069129?lang=kk