Астана мен Брюссель парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуда
13.10.2025 19:44:53 116
Брюссель, 2025 жылғы 17 қыркүйек – Брюссель қаласындағы Ұлттар сарайы ғимаратында Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Бельгия Федералдық Парламентіндегі Орталық Азия елдерімен достық тобының төрайымы, сенатор Стефани Д’Озбен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылап, парламентаралық байланыстардың екі ел арасындағы саяси диалогты нығайтудың тиімді құралы екенін атап өтті.
Елші Р.Василенко бельгиялық тарапты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Ерекше назар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, экономиканы одан әрі цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға, «жасыл» энергетикаға көшу мен төмен көміртекті дамуды жеделдетуге, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, маңызды және сирек жер металдарын терең өңдеуге, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру мен көлік-транзиттік әлеуетті дамытуға қатысты шараларға аударылды.
Стефани Д’Оз Қазақстан Президенті айқындаған басымдықтарды жоғары бағалап, бельгиялық тараптың цифрландыру, орнықты даму, «жасыл» экономика және стратегиялық маңызды шикізат жеткізу тізбектерінің сенімділігін қамтамасыз ету салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін білдірді.
Әңгімелесуші ерекше ықыласпен (2025 ж. 2-6 қыркүйекте) оның басшылығымен Қазақстанға жасалған бельгиялық делегацияның жуырдағы сапарының нәтижелерін атап өтті. Бұл сапар парламентаралық әрекеттесуді жандандыруға ықпал етті. Ол еліміздің қол жеткізген прогресін және Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды ерекше атап өтті.
Тараптар бейінді комитеттер мен достық топтарының арасындағы байланыстарды кеңейтуге, заң шығару және парламенттік бақылау салаларында тәжірибе алмасуға, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған келісілген іс-шаралар күнтізбесін қалыптастыруға, оған өзара сапарлар, тақырыптық дөңгелек үстелдер мен практикалық семинарларды енгізуге дайын екендіктерін растады.
Кездесу қорытындысында екіжақты күн тәртібін нақты мазмұнмен толықтыруға және екі елдің мүдделеріне жауап беретін бірлескен бастамаларды ілгерілетуге өзара бағыт расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1070009?lang=kk