Исламабадта Қазақстан Президентінің Жолдауына арналған брифинг өтті
14.10.2025 09:56:04 95
Исламабад, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың саяси бағытына арналған баспасөз брифингі өтті.
Іс-шара барысында Елші Е. Қыстафин Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тұстары мен басты қағидалары туралы баяндады.
Елші брифинг қатысушыларының назарын Мемлекет басшысының Тургунди - Герат темір жолын салу және Пәкістан нарығына шығу жөніндегі тапсырмасына ерекше аударды.
Дипломатиялық миссия басшысы бұл жобаның Пәкістан үшін тиімді артықшылықтарына айрықша мән бере отырып, жан-жақты таныстырылым жасады.
Қазақстанның цифрлық күн тәртібі аясында Елші ІТ және телекоммуникациялар саласындағы бірлескен қазақстан-пәкістандық жұмыс тобы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Сонымен қатар қатысушыларға 2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындылары жеткізілді. Аталған жиынға дәстүрлі түрде Пәкістанның діни істер және конфессияаралық үйлесім жөніндегі федералды министрі Сардар Мұхаммад Юсуф бастаған делегация қатысты.
Осыған қоса Елші Қазақстан-пәкістандық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс туралы атап өтті. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың сәуір айында Исламабад қаласында өткен Қазақстан-Пәкістан бірлескен үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы мен Карачи қаласындағы бизнес-форум, сондай-ақ 8–9 қыркүйекте Исламабадта ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М. Нұртілеудің алғашқы ресми сапары туралы мәлімет берілді.
Елші Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының сапары және оның барысында өткен келіссөздердің нәтижелері үстіміздегі жылы Исламабад қаласында өтетін ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың мемлекеттік сапарын табысты ұйымдастыруға берік негіз қалағанын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1073130?lang=kk