Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
14.10.2025 11:27:16 28
Нью-Йорк, 2025 жылғы 22 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Мемлекет басшысы Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесу барысында бұл елді Балқан түбегіндегі маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Алдағы жылы Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде достық пен өзара түсіністікке негізделген сындарлы байланыстар қалыптасты. Өз кезегінде Яков Милатович Қазақстанның екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол қазақстандық туристердің Черногорияға қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті. Алматы мен Подгорица арасында тікелей әуе рейстерінің ашылуы және визасыз режим енгізілуі халықтар арасындағы жақындастықты арттырды.
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізді. Кездесуде тараптар экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Владимир Зеленский Украинадағы жағдайға қатысты өз көзқарасын ортаға салды. Қазақстан Президенті бұл аса күрделі ахуалдың дипломатиялық жолмен шешілу қажеттігіне назар аударып, қақтығысты тоқтату бағытындағы келіссөздерді жалғастырудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен пікір алмасты. Әңгіме барысында Қазақстанның Еуропалық Одақпен екіжақты негізде де, C5+ форматы аясында да серіктестікті тереңдетуге ниетті екені атап өтілді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етіп отырған саяси диалогтың оң қарқынын жоғары бағалады. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ой бөлісті. Кездесу қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1074485?lang=kk