Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңа су құбыры іске қосылды
14.10.2025 13:04:33 203
Бүгін Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырылған маңызды инфрақұрылымдық жоба – туристік бағытқа су құбыры тарту жұмыстарының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Бота Елеусізова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол су құбырының тартылуы табиғатты қорғау ісінде, туризмді дамытуда және демалушыларға қолайлы жағдай жасауда ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
- «Тіршілік нәрі – су. Бүгінгі жоба тек туристерге ғана емес, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл – табиғатты аялау мен экологиялық туризмді өркендетуге қосылған зор үлес», – деді аудан әкімі.
Жаңа су құбырының іске қосылуы Шарын шатқалына келушілерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ұлттық парктің экологиялық тұрақтылығын сақтауға да ықпал етеді. Жоба мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің нақты нәтижесі болып отыр.
Ашылу рәсімінде қатысушылар табиғатты қорғау және туризмді дамытуға бағытталған осындай бірлескен бастамалардың өңір үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Бұл игі іс-шара Жетісу өңіріндегі экологиялық туризмнің дамуына жаңа серпін беріп, ұлттық парк қонақтарына жайлы жағдай жасаудың жарқын үлгісіне айналмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1076236?lang=kk