«Аналар жүрегі» комитеті мен Ұлттық ұлан сарбаздарға тосынсый жасады

«Аналар жүрегі» комитеті мен Ұлттық ұлан сарбаздарға тосынсый жасады

14.10.2025 13:04:38 125

«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті» РҚБ өкілі Фарида Баубекова бастаған құрметті қонақтар Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан 6636 әскери бөлімін аралап, жауынгерлердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Қонақтар қатарында аталған әскери бөлімде Петропавл қаласынан келіп, мерзімді қызмет атқарып жүрген сарбаздардың аналары да болды.  Алайда олардың келгені жайында жауынгерлер білген жоқ.

Олар ең бірінші әскери бөлімнің тарихымен танысып, казарманы, сарбаздардың киім-кешегі мен тамақтану рационын тексеріп көрді. Сонымен қатар аналар әскери бөлімнің бейнебақылау жүйелерінің қамтылуына көңілдері толатынын аңғартты.

Іс-шара барысында аналар балаларымен тосыннан жүздесуге мүмкіндік алды. Ана мен баланың күтпеген жерден қауышуы сарбаздар мен аналардың жүзіне қуаныш сыйлады. Осыдан кейін комитет өкілдері жеке құраммен кездесіп, бірге уақыт өткізді. Ерекше атмосферадан шабыт алған сарбаздар анаға арналған өлеңдерін оқып, әннен шашу шашты, би биледі.

«Әскери бөлімді және мұндағы сержанттар мен офицерлерді өз көзіммен көргеннен кейін балам үшін алаңдамайтын болдым. Себебі командирлердің балаларымызға қатаң талап қоя отырып, оларға адами қарым-қатынаспен қарай білетініне көзім жетті. Ұлымды көріп, оның бойындағы оң өзгерістерді де байқадым. Осының бәрі әскери қызметтің нәтижесі», – деді сарбаздың анасы Махаббат Бактибаева.

Құқықтық тәртіп әскерінде мұндай іс-шара жиі өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат ата-аналар мен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар әскердің әлеуеті мен ахуалына лайықты баға беруге мүмкіндік жасау.

«Бұл жолы сіздерге бірнеше сарбаздың анасымен бірге келдік. Бұл – менің ғана бастамам емес, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауы нәтижесінде жүзеге асқан іс. 6636 әскери бөлімі ең үздіктер қатарында. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына және барша командирлерге ата-аналардың алғысын арқалап жүре беріңіздер дегім келеді», - деді Фарида Баубекова.

Айта кетейік, Ұлттық ұланда мұндай кездесулер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың тапсырмасымен және аталған комитет өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде жүйелі түрде жалғасып, өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдерінде де өткізілетін болады. Сонымен қатар сарбаз аналары комитетімен ынтымақтастық алдағы уақытта да нығая түспек.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1076217?lang=kk