Қазақстан Республикасы делегациясы ИКАО Ассамблеясының 42-ші сессиясына қатысты

Қазақстан Республикасы делегациясы ИКАО Ассамблеясының 42-ші сессиясына қатысты

14.10.2025 16:27:53 244

2025 жылғы 23 қыркүйек – 3 қазан, Монреаль. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ханымның басшылығымен Қазақстан Республикасының делегациясы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 42-ші сессиясына қатысты.

Аталған іс-шараға ИКАО-ға мүше 193 мемлекеттің 3200-ден астам делегаты, ИКАО басшылығы, Канада Квебек провинциясының Көлік пен Халықаралық қатынастар және франкофония министрлері, Монреаль қаласы мэриясының басшылығы мен халықаралық азаматтық авиация саласының өкілдері қатысты.

Ассамблеяны ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мырза мен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза ашты. Өзінің құттықтау сөзінде С. Шаккитано мырза әлемдік авиация алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді атап өтіп, ортақ шешімдер қабылдаудың маңыздылығын ерекше айтты.

«Біз бүгін авиацияның болашағын қалай қалыптастыратынымыз – осы саланың келешек ұрпақтарға қандай мүмкіндіктер ұсынатынын анықтайды. Бұл Ассамблея авиацияның XXI ғасырдағы даму бағытын айқындаған тарихи кезең болып есте қалсын. Осы екі аптадағы пікірталастар мен қарарлар алдағы онжылдықтарға авиацияның стратегиялық бағытын белгілейді», – деді С.Шаккитано.

Ассамблея барысында авиацияның жаһандық тұрақты мобильділіктің негізі болып қала беруі, саланың қауіпсіздік, даму және қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауы қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ авиацияны декарбонизациялау, инновациялық технологияларды енгізу және жаңа буын мамандарды даярлау мәселелеріне назар аударылды. Теңізге шығу мүмкіндігі жоқ елдер үшін азаматтық авиацияның дамуы ерекше маңызға ие екені көрсетілді.

Аптаның басты оқиғаларының бірі – ИКАО-ның ең жоғары марапаты – Эдвард Уорнер (1947–1957 жж. ИКАО Кеңесінің бірінші Президенті) атындағы сыйлықтың  Авиациялық апаттар құрбандарының отбасы федерациясына (ACVFFI) табысталуы болды. Бұдан бөлек, халықаралық авиацияда нөлдік өлім-жітімге жету жолындағы елеулі жетістіктері үшін 14 мемлекет марапатталды.

Ассамблея аясында ИКАО Кеңесінің жаңа құрамы (36 мемлекет) сайланды. Сондай-ақ ұйымның үш жылдық бюджеті бекітіліп, өткен кезеңдегі техникалық, құқықтық, экономикалық пен қаржылық салалардағы жұмыс қорытындылары қаралды және 2028 жылға дейінгі стратегиялық міндеттер айқындалды.

Сессия күн тәртібіне 39 мәселе енгізілді, олардың ішінде – әуе көлігінің экономикалық дамуы, ұшу қауіпсіздігі мен аэронавигация саласындағы бастамалар, рәсімдерді жеңілдету, ИКАО жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасын іске асыру, авиациялық қауіпсіздік саясатының негізгі өзгерістері, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, халықаралық авиация үшін көміртегі шығарындыларын қысқарту (CORSIA), адами ресурстарды басқару және гендерлік теңдік, әлеуетті арттыру және инновациялар бар.

ИКАО Ассамблеясының 42-ші сессиясы Қазақстан үшін ұлттық бастамаларды ілгерілетуге, екіжақты мен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ еліміздің азаматтық авиация саласында халықаралық стандарттар мен қағидаттарға бейілділігін растауға маңызды алаң болды.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1078980?lang=kk