Бірлі-жарым көлік құралының анықтамасы бөлігінде КО ТР 018/2011 Техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістердің күшіне енуі туралы
14.10.2025 19:27:43 13
Мүдделі тұлғалар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды бірлі-жарым көлік құралдарының сәйкестігін бағалауды құқықтық реттеудегі алдағы өзгерістер туралы хабардар етеміз.
Ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 45 Шешімі күшіне енеді, онымен «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының Техникалық регламентіне (КО ТР 018/2011) өзгерістер енгізіледі.
ЕЭК Кеңесінің № 45 Шешімімен КО ТР 018/2011 Техникалық регламентінің II «Анықтамалар» бөлімінде қамтылған «бірлі-жарым көлік құралы» ұғымының анықтамасына нақтылау енгізіледі.
Жеке тұлға әкелетін көлік құралдарына қатысты анықтаманың абзацы жаңа редакцияда жазылды. Мәтін «жеке тұлғаның өз мұқтаждықтары үшін» деген сөздерден кейін келесі нақтылаумен толықтырылады:
«(өз мұқтаждықтары үшін бірлі-жарым көлік құралдары деп Еуразиялық экономикалық комиссия жеке пайдалануға арналған көлік құралдары ретінде айқындаған авто- және мотокөлік құралдарының және авто- және мотокөлік құралдарына арналған тіркемелердің жекелеген түрлері түсініледі);»
Бұл толықтыру тарифтік емес реттеу шараларын қолдану бөлігінде техникалық реттеу нормалары (КО ТР 018/2011) мен ЕАЭО-ның кеден заңнамасы арасында тікелей құқықтық байланыс орнатады.
Ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап жеке тұлға әкелетін көлік құралын сәйкестікті бағалауды жүргізу және Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті (КҚКҚК) алу мақсатында «бірлі-жарым» санатына жатқызу үшін осы көлік құралының кеден заңнамасында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес жеке пайдалануға арналған тауар деп танылуы қажет.
Көлік құралдарын жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызу өлшемшарттары ЕАЭО Кеден кодексімен және ЕЭК Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты жекелеген мәселелер туралы» № 107 Шешімімен айқындалған.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан, кеден өкілдерінен, сондай-ақ көлік құралдарын әкелуді жоспарлап отырған жеке тұлғалардан тарифтік емес реттеу шараларын және кедендік декларациялауды дұрыс қолдану үшін өз қызметінде осы өзгерістерді ескерулерін сұраймыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1082157?lang=kk