«Антиконтрафакт-2025» XII Халықаралық форумы өтті
14.10.2025 19:49:04 133
2025 жылдың 6-7 қазан күндері Беларусь Республикасының Минск қаласында Халықаралық «Антиконтрафакт» қауымдастығы мен Беларусь Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі ұлттық орталығының қолдауымен «Антиконтрафакт-2025» XII Халықаралық форумы өтті. Форумның ашылуына Беларусь Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Наталья Петкевич қатысты.
Форум еуразиялық интеграция аясында зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаң болып табылады. Мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығы мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік өнімдердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бойынша негізгі шаралар қарастырылды.
Қазақстан Республикасынан баяндама жасаған Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрайымы Шолпан Абдреева министрлік тарапынан цифрлық трансформация аясында, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Алия Аманжулова Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы құқық қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Форум қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінде өнеркәсіптік өнімдердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау және ЕАЭО елдерінің заңнамаларын үйлестіру бойынша шараларды қамтитын қорытынды резолюция әзірленеді.
Қостанай облысы
Әділет департаментінің
Баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-kst/press/news/details/1082505?lang=kk