Мадрид делегациясы Digital Bridge 2025 форумына қатысты
15.10.2025 08:05:13 21
Астана, 2025 жылғы 7 қазан – 2025 ж. 3-5 қазан аралығында ҚР-дың Испаниядағы Елшілігінің бастамасымен Мадрид автономиялық қауымдастығының Цифрландыру жөніндегі аймақтық министрі Мигель Лопес-Вальверде бастаған делегация Астана қаласында өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қатысты.
Сапар барысында делегация ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж. Мәдиевпен, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Д. Бекмановпен кездесті. Келіссөздердің нәтижесінде цифрландыру саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
М. Лопес-Вальверде сондай-ақ «Жасанды интеллект дамуының еуропалық моделі: инновациялар, реттеу және тұрақтылық арасындағы теңгерім» атты панельдік сессияда сөз сөйлеп, Мадридтің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік салаға енгізу тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, Аймақтық министр Astana IT University университетінде «Өңірлердегі өзгерістердің қозғаушы күші ретінде цифрландыру: киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» тақырыбында қонақ дәрісін оқып, Қазақстанның аймақтық цифрлық инновациялар орталығы ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтті және Қазақстан мен Испания арасындағы технологиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1083554?lang=kk