ИКАО Ассамблеясының 42-сессиясы аясында Қазақстан делегациясының басшысы ИКАО Кеңесінің Президентімен кездесті
15.10.2025 10:29:01 313
Монреаль, 2025 жылғы 30 қыркүйек. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) 42-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасының делегациясы басшысы, ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ханым және ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мырзамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ еліміздің азаматтық авиация саласын дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Салтанат Томпиева азаматтық авиация саласындағы Қазақстанның негізгі басымдықтары туралы хабардар етті, оның ішінде ұлттық заңнаманы ИКАО-ның стандарттары мен ұсынылатын практикасымен (SARPs) әрі қарай үйлестіру, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру, халықаралық байланысты және елдің транзиттік әлеуетін дамыту мәселелері атап өтілді. Ол сондай-ақ биыл Қазақстан Ассамблеяның қарауына халықаралық азаматтық авиация мәселелерінің кең ауқымын қамтитын 30-дан астам жұмыс және ақпараттық құжаттар ұсынғанын атап өтті.
Сальваторе Шаккитано еліміздің авиация саласын дамытудағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстан Республикасының Президентімен өткен кездесуін жылы сезіммен еске алды. ИКАО Кеңесінің басшысы ынтымақтастықтың одан әрі нығаятынына сенім білдіріп, азаматтық авиация саласындағы Қазақстан бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ИКАО халықаралық бастамаларына Қазақстанның қатысуын қоса алғанда, ағымдағы және перспективалық жобалар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1086086?lang=kk