ҚР ІІМ Ұлттық ұланында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті
20.10.2025 09:00:42 166
Астанада Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың төрағалығымен "2025 жылдың 9 айындағы Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдың ахуалы және IV тоқсанға арналған міндеттер" тақырыбында кеңейтілген кеңес өтті.
Отырысқа Бас қолбасшылықтың бас басқармаларының, орталықтарының, дербес бөлімдерінің бастықтары, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары мен әскери бөлімдердің командирлері қатысты.
Күн тәртібінде құқықтық тәртіп әскерінің қызметіне қатысты негізгі мәселелер қаралды: қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету және қадағалау жөніндегі жауынгерлік қызметті ұйымдастыру, тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі, әскери қалашықтардың 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы, сондай-ақ Ұлттық ұланды одан әрі дамыту перспективалары.
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, жеке құрамның қауіпсіздігін сақтау — қашанда басты басымдық болып қалатынын атап өтті. Әскери қызметшілердің өмірін қорғау және қысқы кезеңде денсаулығын сақтау жөніндегі профилактикалық шараларға, оның ішінде дәрумендермен қамту, вакцинациялауға, тамақтану мен су режимін бақылауға, маусымдық киім-кешекпен қамтамасыз етуге және қызмет көрсету мен жатын орындарында температуралық режимді сақтауға ерекше назар аударылды.
— Ұлттық ұлан мемлекеттің сенімді қалқаны болып қалуы тиіс. Әрбір әскери қызметші қоғам мен заң алдындағы жауапкершілігін мойындауға міндетті. Құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығы, тәртіп пен кәсібиліктің жоғары деңгейі — азаматтардың құқықтық тәртіп әскеріне деген сенімінің негізі, - деді генерал-майор А.Балтабеков.
Алдағы кезеңге арналған басым міндеттер қатарына жасалған қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету, шақыру науқанын белсенді ақпараттық сүйемелдеу мен жоғары ұйымдық деңгейде өткізу енгізілген. Сондай-ақ бұл қатарға 2025 жылғы қарашада қызмет мерзімін аяқтайтын сарбаздар арасында тыңғылықты іріктеу жүргізу және үміткерлермен келісімшарттар жасасу мәселелері қосылған.
Кеңес қорытындысы бойынша Бас қолбасшы барлық деңгейдегі басшыларға қойылған міндеттерді іске асыру үшін жеке жауапкершілікті күшейтуді және жауынгерлік әзірлікті нығайту, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерін басқару жүйесін жетілдіру бойынша үйлесімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1089113?lang=kk