Қазақстан Елшісі Африка одағы комиссиясының төрағасына cенім грамоталарын табыс етті
21.10.2025 13:00:53 102
Аддис-Абеба, 2025 жылғы 20 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жалғас Әділбаев Африка одағы комиссиясының төрағасы Махмуд Али Юсуфқа cенім грамоталарын табыс етті.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі Африка одағының штаб-пәтерінде өзара құрмет пен ізгі ниет рухында өтті. Сұхбат барысында тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Елші Ж.Әділбаев жылы қабылдауға алғысын білдіріп, Қазақстанның Африка елдерімен және Африка одағы құрылымдарымен, оның ішінде білім, ғылым, тұрақты даму, ЖИ, экология және «жасыл» технологиялар сияқты салалардағы әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, қазақстандық дипломат жаһандық ұйымдар шеңберінде және халықаралық форумдар алаңдарында, соның ішінде Қазақстанда өткізілетін іс-шараларда Қазақстан мен Африка Одағы арасындағы саяси және экономикалық диалог пен байланыстардың жалғасатынына үміт білдірді.
Өз кезегінде Африка одағы комиссиясының Төрағасы М.Юсуф Елші Ж.Әділбаевты миссиясының басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Африка Одағы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған одан әрі диалог пен өзара іс-қимылға дайын екенін білдірді.
М.Юсуф Орталық Азия өңіріндегі серпінді дамып келе жатқан ел ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Төраға Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында дамып келе жатқан Қазақстан мен Африка континенті елдері арасындағы конструктивті диалогқа назар аудара отырып, штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымындағы ынтымақтастық туралы Қазақстанның бастамасының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар достық және өзара түсіністік рухында конструктивті алмасуды қолдауға және өзара тиімді байланыстарды дамытуға ниетті екендіктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1090153?lang=kk