Қазақстан Брюссельдегі Global Tourism Forum 2025 алаңында таныстырылды
22.10.2025 08:01:30 100
Брюссель, 2025 жылғы 21 қазан – Қазақстан Республикасы 20–21 қазан Бельгияның Көркемөнер корольдік мұражайында өткен Global Tourism Forum 2025 халықаралық форумына қатысты. World Tourism Forum Institute (WTFI) ұйымдастырған бұл форум «Өзгермелі әлемдегі туризмді қайта ойлау» ұранымен өтіп, әлемнің елуге жуық елінен келген мыңнан астам қатысушыны біріктірді. Форумның ашылуында БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының жаңадан сайланған Бас хатшысы Шейха әл-Нувайс, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және ЕО-ның туризм және көлік жөніндегі комиссары Апостолос Цетзекостас сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен және Almaty Tourism Bureau қатысуымен еліміздің ұлттық стендінің тұсау кесері өтті. Онда Қазақстанның туристік және инвестициялық әлеуеті, табиғи және мәдени мұрасы, сондай-ақ тұрақты туризмді дамыту перспективалары таныстырылды.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко мен Global Tourism Forum Президенті Булут Багджы арасында кездесу өтті. Тараптар туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Булут Багджы келесіні атап өтті: «Қазақстан туристік саланы дамытуда заманауи тәсілдерді ұлттық табиғи және мәдени құндылықтарды сақтаумен тиімді ұштастыра отырып, әсерлі прогресс көрсетуде. Біз бұл елге жаңа туристік және инвестициялық бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын байқаймыз».
Global Tourism Awards 2025 марапаттау рәсімі барысында Алматы қаласы «Tourism Innovation and Urban Transformation» саласындағы арнайы марапатқа ие болды. Бұл жүлде Алматының туристік тәжірибені жақсартуға бағытталған инновациялық шешімдер енгізу және қалалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жеткен нәтижелерін мойындау болып табылады.
Сонымен қатар, Global Tourism Forum Президенті Булут Багджы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арналған хрусталь панноны Қазақстанның Елшісі Роман Василенкоға табыс етті. Бұл сыйлық Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты нығайту және тұрақты туризмді әлемдік деңгейде ілгерілету жолындағы жасаған қолдауының жоғары бағасы ретінде берілді.
Қазақстанның Global Tourism Forum 2025 форумына қатысуы елдің тұрақты туризмді дамыту мен халықаралық әріптестікті тереңдету бағытындағы өсіп келе жатқан рөлін тағы да айқындады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1090576?lang=kk