Қазақстан мен БАӘ есірткімен күрес шараларын бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты

Қазақстан мен БАӘ есірткімен күрес шараларын бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты

24.10.2025 09:41:30 85

Абу Даби, 23 қазан 2025 жыл – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек 2025 жылғы 3 тамызда құрылған Есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттік төрағасы шейх Заид бен Хамад бен Хамдан Әл Наһаянмен кездесті.

«Қазақстан мен БАӘ-ні өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес екі ел арасындағы үйлестірілген іс-қимылдар мен өзара сенімді талап етеді», – деді Елші Р. Жұмабек. 

Өз кезегінде, шейх Заид Әл Наһаян Әмірліктер Қазақстанды қоғамдық денсаулықты қорғау саласындағы сенімді серіктес ретінде қарастыратынын және есірткіге қарсы күресте өзара ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті. 

Кездесу барысында заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл, уәкілетті органдар арасындағы ықпалдастықты нығайту, ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру және алдын алу шараларын жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге, тараптар заңсыз есірткі айналымына қатысты сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие екенін ескеріп, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын және тиісті деректермен үздіксіз алмасу ісін күшейту қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді. Бірлескен бастамаларды дамыту, оның ішінде есірткіге тәуелділіктің алдын алу тәжірибесімен алмасу, кадрлар дайындау және үгіт-насихат жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыру  үшін Қазақстан мен Әмірліктердің әлеуеті мол.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жақын арада тиісті ведомстволар арасында тікелей байланыс орнатуға, есірткіге қарсы ынтымақтастықты күшейтуге және есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бірлескен шаралар өткізуге уағдаласты.

Анықтама: БАӘ-нің Есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі 2025 жылы 3 тамызда құрылды. Негізгі мақсаты – заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимылды және есірткіге тәуелділіктің алдын алуды үйлестіру. Агенттік ұлттық есірткіге қарсы саясатты жүзеге асыруға, уәкілетті органдар арасындағы ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жауапты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1092302?lang=kk