ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасы Республика күнін ерекше форматта атап өтті

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасы Республика күнін ерекше форматта атап өтті

25.10.2025 15:30:35 217

Астанадағы Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің алаңында 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауыл ротасы Республика күніне орай патриоттық флешмоб өткізді.

Ту көтерген айбынды сап, мінсіз қозғалыс пен дәл қадам – Отанға деген құрмет пен әскери тәртіптің жарқын көрінісіне айналды. Одан кейін қарумен дефиле көрсетіп, жауынгерлік дайындық пен кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін паш етті.

5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауыл ротасы – Ұлттық ұланның айбынын айқындайтын ерекше бөлімше. Қазіргі уақытта мұнда 80-ге жуық сарбаз өздерінің Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр.

Рота командирі капитан Мирхат Ахмадиев бұл іс-шараның мақсаты ел рухын көтеріп, тәуелсіздік мерекесін өзгеше атап өту екенін айтты:

«Біздің сарбаздар үшін Республика күні аса маңызға ие мереке. Біз флешмоб барысында әрбір қозғалысымыз арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті білдіруге тырыстық», – деді ол.

Сапта нық тұрған, қолындағы қаруын шебер меңгерген жауынгерлердің бірі – жеке ротаның аға нұсқаушысы ефрейтор Юлдашбек Қарабалаев. Ол сарбаздарға үлгі болып, әрбір қимылдың дәлдігі мен әсемдігін үйретіп келеді.

«Қарумен дефиле – ұзақ еңбектің нәтижесі. Әрбір бұрылыс пен қозғалыстың артында тәртіп пен табандылық жатыр», – деді ефрейтор Юлдашбек Қарабалаев.

Осылайша, Құрмет қарауыл ротасы Республика күніне арналған айрықша флешмоб арқылы ел бірлігі мен тәуелсіздіктің рухын айшықтап, Ұлттық ұланның айбынды бейнесін тағы бір мәрте көрсетті.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1093419?lang=kk