Ғылым мен білім – Қазақстан мен БАӘ арасындағы көпір
29.10.2025 16:31:33 187
Әл-Айн, 2025 жылғы 27 қазан – Біріккен Араб Әмірліктерінің Университетінде (UAE University) Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Елшісі Рауан Жұмабек БАӘ Президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі, Университет ректоры профессор Заки Ануар Нуссейбамен кездесті.
Тараптар жоғары білім, ғылыми зерттеулер, инновациялар және Қазақстан мен БАӘ университеттері арасындағы академиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Елші Р.Жұмабек болу елінің жетекші университетінің өңірлік ғылыми әлеуетті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті:
«Зерттеу мен инновация саласындағы Сіздің көшбасшылығыңыз БАӘ Университетін елдің жетекші жоғары оқу орнына айналдырып, тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуде маңызды рөл атқаруда. Жоғары стандарттардың нәтижесінде Университет – елдегі №1 жоғары оқу орны, сондай-ақ Quacquarelli Symonds пен Times Higher Education рейтингтері бойынша көшбасшылар қатарына кіреді», – деді.
Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми жобаларға, академиялық ұтқырлыққа және Азия білім беру қауымдастығы бағдарламасы аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.
«Біздің университет Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен және Назарбаев Университетімен серіктестік орнатты. Біз ғылыми жобалар мен инновациялық бастамалар арқылы бұл ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз», – деп Ректор З.А. Нуссейба өз ниетін білдірді.
Елші Р.Жұмабек Қазақстан халықаралық серіктестікті дамыту мен әлемдік білім кеңістігінің мүшесі болу арқылы адами капиталды дамыту мен жоғары білім жүйесін жаңғыртуға басымдық беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зерттеу орталықтарын құру, қос дипломды бағдарламаларды іске асыру және жыл сайынғы ғылыми іс-шараларды өткізуді көздейтін Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен БАӘ-нің №1 университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қою мүмкіндігін қарастыру жөнінде уағдаласты.
Анықтама: Біріккен Араб Әмірліктерінің Университеті (1976 жылы құрылған, Әл-Айн қаласы) – елдің ең көне, жетекші және №1 жоғары оқу орны. QS World University Rankings рейтингінде 229-орында және Times Higher Education нұсқасы бойынша әлемнің үздік 250 университетінің қатарына кіреді.
Профессор З.А. Нуссейба – БАӘ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 20 жылдан астам уақыт бойы Президент шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның жеке аудармашысы болған. Ол елдің мәдениеті мен білім беру саласының дамуына зор үлес қосып, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының алғашқы жергілікті редакцияларын ашуда маңызды рөл атқарды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1095195?lang=kk