Аудан әкімі Берік Сәрменбаев "Руханият" орталығында аудан кітапханашыларын қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. Мерекелік қабылдауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, сала ардагерлері мен қызметкерлері, оқырмандар қатысты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деп атап өтті. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймақта түнгі кітапханалар жұмыс жасауда. Биыл ауданда «Руханият» орталығы ашылып, оның ішінде, тәулік бойына жұмыс істейтін кітапхана оқырманға қызмет көрсетуде. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді. Кітап – құнды байлық. Кітапхана – адамдардың өміріне, болашағына ықпал етіп, жақсы бастамаға, жарқын болашаққа жол ашатын рухани қазына ордасы, білімнің киелі шаңырағы саналады. Ал, кітапханашы – бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, кітапхананың бай қорын сақтаушы және насихаттаушы. Біз кітапханашылардың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, қызметтеріне құрметпен қараймыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы. Мерекелік іс-шарада аудан басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сала ардагерлері мерекелік лебіздерін жеткізді.

