Қазақстан KGIR-2025 аясында Таяу Шығыс елдерімен экономикалық серіктестікті нығайтуда
03.11.2025 18:40:35 200
Астана, 2025 жылғы 31 қазан – Қазақстанның ғаламдық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелі (KGIR-2025) аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров шетелдік серіктестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, олардың барысында Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту мәселелері қаралды.
Алғашқы кездесу Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестициялар жөніндегі вице-министрі Мухаммед Абдуррахман Альхауимен өтті. Тараптар сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, шетелдік инвестицияларды тарту саласындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Ерекше назар Қазақстан-БАӘ стратегиялық инвестициялар платформасы шеңберіндегі кооперация мүмкіндіктеріне және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік саласындағы үздік тәжірибелермен алмасуға аударылды.
Келесі кездесуде Ә.Қуантыров «Orascom Construction PLC» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Тамер Шафикпен келіссөздер жүргізді. Тараптар компанияның Қазақстандағы инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларға, соның ішінде су электр станцияларының, газ электр станцияларының және сумен жабдықтау нысандарының құрылысына қатысу әлеуетін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті дамытуға, компанияның Қазақстандағы басым инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына және энергетика, су ресурстары мен көлік инфрақұрылымы салаларында инженерлік-технологиялық шешімдермен алмасуға өзара мүдделілік білдірді.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы ҚР СІМ Инвестициялар комитетімен бірлесіп, KGIR-2025 инвестициялық трегі шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды және инвесторлармен жұмысты үйлестіруді жалғастырады.
«Orascom Construction PLC» – Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ең ірі халықаралық мердігерлердің бірі, әлемнің 20-дан астам елінде 200-ден астам белсенді жобаны жүзеге асыруда. Компания портфеліне қуаты 30 ГВт-тан асатын энергетикалық нысандар, АҚШ, Египет және Сауд Арабиясындағы инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ тәулігіне 17 млн м³ су тазарту және тұщыландыру станциялары кіреді. Сонымен қатар «Orascom» Африкадағы алғашқы «жасыл» сутек өндіретін кешеннің және қуаты 650 МВт болатын Red Sea Wind Farm жел электр станциясының әзірлеушісі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1098249?lang=kk