Қазақстан мен Моңғолия: стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Моңғолия: стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

06.10.2026 07:03:27 380

2026 ж. 1 қазанда Астана қаласында Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 10-отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ал моңғол тарапын - Моңғолия Премьер-Министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр басқарды.

Отырыс барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара сауда көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларындағы ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелеріне назар аударды.

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту міндетіне ерекше мән берілді. Тараптар өзара сауда-саттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту, өнеркәсіп кооперациясын дамыту және қазақстандық өнімдерді Моңғолия нарығында ілгерілету үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар көлік бағыттарын дамыту, логистиканы жетілдіру және екі елдің іскер топтары үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасау мәселелері қарастырылды. Білім, ғылым, мәдениет және гуманитарлық байланыстар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары да талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссиясының 10-отырысының хаттамасына қол қойылды. Құжатта қол жеткізілген негізгі уағдаластықтар мен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.

Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ulaanbaatar/press/news/details/1305245?lang=ru