Словения Президентінің Сарайында Қазақстан Елшісінің Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті

Словения Президентінің Сарайында Қазақстан Елшісінің Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті

06.11.2025 08:21:11 117

Любляна, 2025 жылғы 5 қараша – Словен Президентінің Сарайында Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаевтың Словен Президенті Наташа Пирц Мусар ханымға Сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Елші Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізіп, Словен Президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапарында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстанның Словениямен саяси өзара сұхбаттастықты кеңейту және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөніндегі стратегиялық бағытын растады.

Словения Президенті Наташа Пирц Мусар Елшіні дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен шын жүректен құттықтап, оның қызметі екі ел арасындағы сенім мен достық әрі өзара тиімді серіктестік рухына негізделген қатынастарды жүйелі әрі кешенді жолда дамытуға ықпал ететініне кәміл сенім білдірді. Президент ханым Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа ерекше ілтипаты мен алғысын білдіре отырып, 2025 жылғы наурызда Астанаға жасаған ресми сапарының өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ қазақ халқының қонақжайлығы мен шынайы ықыласын ұмытылмас ерекше жылы лебізбен қабылдағанын атап өтті. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың барынша терең маңыздылығы ерекше аталынды.

Словен Президентінің ресми қабылдауы барысында Қазақстан мен Словения арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары, көлік және логистика салалары, атап айтқанда, Словенияның Копер теңіз портының Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – Орта дәліздің логистикалық архитектурасына интеграциялануы, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрландыру, фармацевтика, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Астананың Қазақстан-Словения Үкіметаралық комиссиясы тең төрағаларының саяси мәртебесін екі ел үкіметтерінің вице-премьерлері деңгейіне көтеру туралы шешімі мен мүдделі бизнес топтардың қатысуымен іскерлік кеңес құру процесі ерекше ризашылықпен қабыл алынды.

Кездесу соңында Словения Президенті Наташа Пирц Мусар Елшіге Қазақстан мен Словения арасындағы қарым-қатынастарды нығайту жолындағы қызметіне табыс тілеп, шығармашылыққа жанашыр жан ретінде, жақын болашақта Димаш Құдайбергеннің Люблянада концертін бірлесіп ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде жеке тілегі мен қызығушылығын танытты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1099715?lang=kk