Ұлттық ұлан жауынгерлері АҚШ Қарулы күштерінің нұсқаушыларымен бірге өткен тактикалық медицина бойынша оқу-тренингіне қатысты
06.11.2025 10:01:57 59
Өскеменде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің Антикризистік орталығы базасында АҚШ Қарулы күштерінің нұсқаушыларының қатысуымен тактикалық медицина бойынша оқу-тренинг өтті.
Оқу курсының мақсаты – «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің жауынгерлік (тактикалық) жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіру және кәсіби даярлығын арттыру болды.
Сабақ барысында ұландықтар MARCH алгоритмін кезең-кезеңімен қолдануды, өмірге қауіпті қан кетуді тоқтату әдістерін, тыныс жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз ету тәсілдерін, кеуде қуысы жарақаттарында және денеге бөгде зат түскен жағдайда әрекет ету тәртібін, сондай-ақ дала жағдайында қан құю мен инфузиялық терапия жүргізу дағдыларын меңгерді.
Сонымен қатар, медициналық қамтамасыз ету ісін жоспарлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтсақ, эвакуациялық маршруттарды ұйымдастыру, басшылық құраммен өзара іс-қимыл және жаралыларды жинау пункттерін құру тәртібі пысықталды.
Оқу-тренинг қорытындысы бойынша әскери қызметшілер шектеулі уақыт пен ресурстар жағдайында көмек көрсету бойынша тәжірибелік дағдыларын бекітті. Бұл өз кезегінде дағдарыстық жағдайларда, жергілікті арнайы операцияларда және террорлық актілердің салдарын жою барысында тапсырмаларды тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, аталған оқу іс-шарасы Ұлттық ұлан жүйесінде тактикалық медицинаны дамыту бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі. 2025 жылғы басым бастамалардың бірі ретінде Ұлттық ұлан құрылымында тактикалық медицина қызметін құру көзделген. Бұған дейін осы бағыттағы жұмыстың жалғасы ретінде 6654 әскери бөлімінде құқықтық тәртіп әскери бөлімдерінің орта буын медицина мамандары үшін оқу-әдістемелік жиын өткізілді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1099779?lang=kk