Лондонда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен қаржы секторының даму перспективалары талқыланды
06.11.2025 19:40:45 130
- Лондон, 2025 жылғы 5 қараша – Bloomberg халықаралық ақпарат агенттігінің алаңында Kazakhstan Capital Markets Day 2025 іс-шарасы өтті. Жиын Қазақстанның қаржы секторының даму бағыттары, макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту және елдің жаһандық инвестициялық әлеуетін ілгерілету мәселелеріне арналды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) басшылығы, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі, сондай-ақ жетекші шетелдік қаржы институттарының, инвестициялық компаниялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Бұл жиын инвесторлар, мемлекеттік реттеушілер мен бизнес көшбасшыларын бір алаңда тоғыстырып, тұрақты экономикалық өсудің стратегияларын және Қазақстанның жаһандық қаржы нарықтарына ықпалдасу жолдарын талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.
Іс-шараның ашылуында Bloomberg Еуропадағы дамушы нарықтар жөніндегі бөлім басшысы Стивен Янкельсон сөз сөйлеп, Қазақстанның өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан қаржы орталығы ретіндегі рөлін атап өтті.
Негізгі баяндамада Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов елдің макроэкономикалық ахуалына шолу жасап, ЖІӨ өсімі, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі және салық-бюджет саясатының тиімділігі туралы деректермен бөлісті.
«Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан инвестицияға ашық, инновацияға ашық және ең бастысы – серіктестікке ашық ел», – деді Тимур Сүлейменов.
Панельдік сессиялар барысында қатысушылар ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық, сондай-ақ капитал нарығын стратегиялық дамыту мәселелерін талқылады. Ерекше назар қаржы секторының жаңғыртылуына, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ нарық өтімділігін арттыру және қаржы құралдарына қолжетімділікті кеңейту бастамаларына аударылды.
Талқылаулардың басты тақырыптарының бірі – ESG-облигациялар нарығының өсу әлеуеті, тұрақты қаржыландыру құралдарын дамыту, сондай-ақ жекешелендіру бағдарламасы аясындағы ұлттық компаниялардың IPO өткізуге дайындығы болды. Сарапшылар Қазақстанның терең, ашық әрі бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру жолында жүйелі ілгерілеу жасап келе жатқанын атап өтті.
Kazakhstan Capital Markets Day 2025 шарасы Қазақстанның сенімді серіктес және Еуразия өңірінің дамып келе жатқан қаржы хабы ретіндегі мәртебесін нығайтып, халықаралық инвесторлардың ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен жаңа мүмкіндіктерді бірлесіп дамытуға деген қызығушылығын айқындады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1100536?lang=kk