Қазақстан мен Hewlett Packard Enterprise жоғары өнімді есептеу және жасанды интеллект саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
08.11.2025 11:10:29 163
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Hewlett Packard Enterprise (HPE, АҚШ) компаниясы жасанды интеллект (ЖИ), жоғары өнімді есептеу жүйелері (HPC) және жаңа буынның цифрлық инфрақұрылымын құру салаларындағы әріптестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою - еліміздің тәуелсіз жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, технологиялық егемендікті нығайту мен болашақтың кадрлық әлеуетін қалыптастыру бағытындағы басымдықтарын іске асыру жолындағы маңызды қадам болды.
Hewlett Packard Enterprise компаниясымен ынтымақтастық аясында келесі бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жоспарлануда:
- ұлттық деректерді өңдеу орталықтарының қажеттіліктері үшін есептеу қуаттарын дамыту және HPE инфрақұрылымын енгізу;
• отандық жасанды интеллект және ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында HPE шешімдері негізінде «бұлтты» деректер орталықтарын құру;
• өнеркәсіп, энергетика, көлік және білім беру сияқты экономиканың негізгі салаларында пилоттық жобаларды іске асыру;
• адам капиталын дамыту - HPC және ЖИ салаларында қазақстандық инженерлер, зерттеушілер мен стартаптарды оқыту, сертификаттау және тағылымдамадан өткізу;
• жоғары өнімді есептеу жүйелері бойынша құзыреттер орталығын құру және Қазақстанда HPE инновациялық орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру.
«Біз технологиялар адам, ғылым және экономиканың дамуына қызмет ететін экожүйе қалыптастырып жатырмыз. Hewlett Packard Enterprise компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның инфрақұрылымдық базасын нығайтып, біздің инженерлер мен зерттеушілерге әлемдегі ең озық шешімдермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл - тұрақты, бәсекеге қабілетті және шын мәнінде интеллектуалды экономиканы қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Меморандумға қол қою ҚР Президентінің АҚШ-қа ресми сапары және Орталық Азия елдері - АҚШ арасындағы технологиялық әріптестік пен цифрлық дамуға арналған C5+1 бизнес-конференциясының іскерлік бағдарламасы аясында өтті.
Hewlett Packard Enterprise компаниясымен ынтымақтастық Қазақстанның жасанды интеллект пен инновация саласындағы өңірлік орталық ретіндегі позициясын нығайтып, технологияларды жергіліктендіру және әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндік ашады.
ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1101454?lang=kk