Қазақстан мен ЕҚЫҰ диалог пен сенімді нығайтуды дамытуға мүдделілігін растады
05.10.2026 19:48:53 344
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының диалог және сенімді нығайту жөніндегі арнайы өкілі Серж Руминмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Швейцарияның 2026 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары, сондай-ақ ағымдағы жылдың желтоқсан айында Лугано қаласында (Швейцария) өтетін Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, Арнайы өкілдің қызметіне, соның ішінде диалог пен сенімді нығайту мәселелеріне, өзекті халықаралық күн тәртібіне, сондай-ақ дінаралық және конфессияаралық іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Министрдің орынбасары Қазақстанның дінаралық және конвессияаралық диалогты ілгерілетудегі озық тәжірибесін атап өтті. Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы ашық диалог, өзара түсіністік және сенімді нығайтудың бірегей халықаралық платформасы ретіндегі рөлі аталып өтті.
Сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азиядағы ынтымақтастықтағы белсенді рөліне ерекше назар аударылды.
Тараптар диалогқа жәрдемдесу, өзара сенімді нығайту және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге бірлескен тәсілдерді іздеу мақсатында байланыстарды одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуға мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1304847?lang=ru