Қазақстанның төрағалығымен Гватемаланың Сауда саясатын төртінші шолу өтті

Қазақстанның төрағалығымен Гватемаланың Сауда саясатын төртінші шолу өтті

15.11.2025 08:01:19 163

Женева, 2025 жылғы 14 қараша – 2025 жылғы 12 және 14 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының штаб-пәтерінде Гватемала Республикасының сауда саясатының төртінші шолуы өтті. Отырысқа ДСҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев төрағалық етті. Бұл шара ДСҰ мүшелеріне Гватемаланың сауда саясатының басымдықтарымен танысуға, жүргізіліп жатқан реформаларды талқылауға және көпжақты сауда жүйесі үшін маңызды мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Гватемала делегациясын Интеграция және сыртқы сауда жөніндегі вице-министр Хектор Хосе Маррокин Мора басқарды. Ол 2016-2024 жылдар кезеңіндегі елдің негізгі экономикалық жетістіктерін таныстырды. ДСҰ мүшелері Гватемаланың тұрақты макроэкономикалық саясатын, ЖІӨ-нің жылдық орташа 4%-ға жуық өсуін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын, инвестициялық ахуалдың жақсаруын, инфрақұрылымды жаңғырту мен бизнеске қолайлы жағдайдың кеңеюін жоғары бағалады. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, кедендік рәсімдерді жетілдіру және логистикалық шешімдерді енгізу нәтижесінде сыртқы сауда операцияларының тиімділігі артқаны атап өтілді.

Гватемала жүргізіп жатқан реформаларға қатысты пікірлер оң болды. Бәсекелестікті жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, сондай-ақ өңірлік және жаһандық құн тізбектеріне қатысуын кеңейту бағытындағы шаралар ерекше назарға алынды. Гватемаланың ДСҰ қызметіне белсенді қатысуы, бірқатар бірлескен бастамаларға қосылуы, балық шаруашылығына арналған субсидиялар туралы келісімді ратификациялауы және өңірлік интеграцияға қосқан үлесі де жоғары бағаланды.

Қазақстан өз сөзінде Гватемаланың сауда саясатының ашықтығы мен болжамдылығын арттыру, реттеу тетіктерін жаңғырту, әкімшілік әлеуетті нығайту және бәсекелі ортаны дамыту бойынша қабылдаған маңызды қадамдарын атап өтті. Сонымен қатар, цифрландыру, сауда рәсімдерін жеңілдету және ШОБ мүмкіндіктерін кеңейту елдің әрі қарай дамуының негізгі факторлары екені айтылды. Қазақстан Гватемаланың диалогқа ашықтығын және тәжірибе бөлісуге дайын екенін құптады.

Қорытынды сөзінде Төраға Қайрат Төребаев Гватемаланың шолу үдерісінің барлық кезеңдерінде жоғары транспаренттілік пен белсенді қатысуын атап өтті. Ол мүше мемлекеттер арасындағы талқылаулардың конструктивті өткенін және институционалдық реформаларды дәйекті жалғастырудың маңыздылығын атап көрсетті. Сондай-ақ, шолу барысында талқыланған нәтижелер Гватемаланың ДСҰ мүшелерімен одан әрі тиімді ынтымақтастығы үшін берік негіз қалыптастыратынына сенім білдірді.

Сауда саясатын шолу рәсімі ДСҰ транспаренттілік тетігінің маңызды элементі болып табылады және мүше елдерге ақпарат алмасуға, өзара түсіністікті нығайтуға және саясаттың болжамдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Келесі Сауда саясатын шолу 2025 жылғы 17 және 19 қарашада өтеді және Непалға арналады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1105977?lang=kk