ТАРИХИ ТАҢДАУ: ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫНА 35 ЖЫЛ
17.11.2025 18:30:45 98
Қостанайда ашық сұхбат алаңы өтті.
Қостанайда Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылдануына 35 жыл толуына арналған маңызды қоғамдық шара өтті. 17 қараша күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Смарт орталығында өткен «Тарихи таңдау» атты сұхбат алаңы аймақтың сарапшылары мен белсенді жастарын бір арнаға тоғыстырды. Жиынға мемлекеттік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттері қатысты.
Шараны модератор Бәкір Марғұлан Абдоллаұлы ашып, қонақтарды таныстыра отырып, 1990 жылы қабылданған Декларацияның Қазақстанның болашақ тәуелсіздігіне жол ашқан тарихи һәм саяси мәнін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат елде жаңа қоғамдық ойдың, жаңа саяси кезеңнің қалыптасуына серпін берген.
Алғашқы сөз Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Айбек Батырханович Шалгимбековке берілді. Ол Декларацияның құқықтық және саяси салмағын жан-жақты ашып, оның сол кезеңдегі қоғамдық өзгерістердің қозғаушы күші болғанын атап өтті. Ғалымның айтуынша, бұл тарихи акт ұлттық сана мен мемлекеттік дербестік идеясын нығайтты.
Келесі болып сөз алған гуманитарлық ғылымдар магистрі, философия кафедрасының оқытушысы және факультет деканының орынбасары Руслан Батырханович Жусупов егемендік ұғымының қазіргі қоғамдағы құндылықтар жүйесімен байланысын талдады. Ол бүгінгі буынның тарихи сабақтастықты түсінуі мемлекеттің әрі қарайғы дамуына ықпал ететінін алға тартты.
ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының доценті, полиция подполковнигі Мырзабек Сардарбекұлы Тойғанов өз сөзінде егемендік алғаннан кейін құқық қорғау саласында жүргізілген реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік тәуелсіздік – құқықтық жүйені жаңғыртуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер ашқан маңызды кезең.
Жиынға қатысқан жастар өкілі, 3 курс студенті және «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Еркеназ Пернебекқызы Есенбет қазіргі жастардың азаматтық белсенділігі мен тарихи санасының маңызын ерекше атап өтті. Ол егемендікті ұлықтау — ұлттық бірегейлік пен жауапкершілікті күшейтетін құндылық екенін жеткізді.
Басқосу мазмұнды пікір алмасумен жалғасып, қатысушылар тарихи датаның бүгінгі қоғам үшін маңызын әр қырынан талқылады. Егемендік жылдарындағы түбегейлі өзгерістер сараланып, жастардың осы құндылықтарды ұғынуындағы рөлі сөз болды.
Шара соңында модератор Марғұлан Абдоллаұлы Қазақстанның егемендікке жасаған тарихи қадамы — ұлт тағдырындағы шешуші кезең екенін атап, мұндай кездесулердің жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудегі рөлін ерекше бағалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1106894?lang=kk