Соңғы үш жылда Қазақстанда жеке тауар маркалардың үлесі 2 есе өсті

Соңғы үш жылда Қазақстанда жеке тауар маркалардың үлесі 2 есе өсті

27.11.2025 17:21:51 131

Алматы қаласында NFA Expo-2025 төртінші Халықаралық тұтыну тауарлары көрмесі өз жұмысын бастады. Биылғы көрмеге Қазақстан, Қытай, Италия, Түркия, Ресей, Беларусь, Латвия және Өзбекстанды қоса алғанда, 9 елден 127 компания қатысып отыр. Экспозицияларда азық-түлікке жатпайтын ритейл сегментіндегі әлемдік жаңалықтар ұсынылды: қауіпсіз термопластиктен жасалған антимикробтық қасиеті бар кәсіби кесу тақталары, премиум санаттағы тұрмыстық химия, тот баспайтын болаттан жасалған жоғары сапалы асүй пышақтары, халықаралық сертификатталған кәсіпорындарда өндірілген заманауи тұрмыстық техника. Келушілер табиғи косметика, шыны ыдыс пен қаптама топтамалары, HoReCa саласына арналған шешімдер және үйге, асүйге, демалыс пен сервистік қызметтерге арналған кең көлемді тауарлармен танысуға мүмкіндік алды.

Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова қатысып, экспозицияларды аралап көрді және отандық әрі халықаралық өндірушілермен бірқатар кездесулер өткізді. Өз сөзінде ол NFA Expo-2025 көрмесі өндірушілер үшін өнімдерін таныстыруға, ал ритейл өкілдері үшін тиімді серіктестік шешімдерін тез табуға мүмкіндік беретін перспективалы алаң екенін атап өтті. Мұндай тікелей диалог жаңа тауарлардың нарыққа шығу үдерісін жылдамдатып, ынтымақтастықтың ашық әрі айқын шарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айжан Бижанова түпкі тұтынуға бағытталған тауарларды дамытудың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы сегмент ең жоғары қосымша құн қалыптастырып, ЖІӨ өсімінің негізгі драйверіне айналады. Сондай-ақ ол Қазақстанда сөрелік кеңістіктің кемінде 30%-ын отандық азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын өнімдерге бөлуді талап ететін норма заңмен бекітілгенін еске салды. Бұл қазақстандық тауар өндірушілер үшін нарықтағы үлесін арттыруға және сауда желілерінде ассортиментін кеңейтуге елеулі мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Бір терезе» цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр. Ол Отандық тауар өндірушілер тізілімімен интеграцияланып, ішкі нарықтағы ритейлге қазақстандық өнімдердің жедел әрі ашық қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Көрме аясында Айжан Бижанова Пәкістан Сенатының депутаттарымен кездесті. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша тұтыну тауарлары саласындағы әріптестікті күшейту және өзара тауар айналымын арттыру туралы уағдаластық расталды.

350 миллионнан астам тұтынушысы бар Пәкістан – NFA Expo-2025 көрмесіне қатысушы өндірушілер үшін стратегиялық маңызы зор нарық. Кездесу барысында тараптар бизнес-қоғамдастықтар арасында тікелей байланыстар орнатуға, ритейл саласында тәжірибе алмасуға және тұрақты логистикалық тізбектер құруға дайын екендерін білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы NFA Expo-2025 тарихтағы ең кең категориялық қамтумен ерекшеленеді. Көрмеде тұрмыстық химия, асүй құралдары, тұрмыстық техника, косметика және парфюмериядан бастап, балалар тауарлары, интерьерлік шешімдер, мерекелік өнімдер, бақшаға арналған тауарлар және HoReCa секторына арналған кәсіби жабдықтар таныстырылған. Жаңа бағыт ретінде Retail Tech бөлімі қосылып, онда ритейл саласына арналған IT-қызметтер, технологиялық жабдықтар және цифрлық құралдар көрсетілуде. Қытайдың ұлттық экспозициясы ерекше назар аударып отыр: ондаған компания жетекші индустриялық провинциялардан әкелінген тұрмыстық химия, шыны бұйымдар, асүй техникасы және ыдыс-аяқ ұсынып жатыр.

Көрменің негізгі трендтерінің бірі – жеке сауда маркаларын (private label) дамыту. Қатысушылардың жартысынан астамы сауда желілеріне арналған тауарларды келісімшарттық өндіруге дайын екенін мәлімдеді. NielsenIQ деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда Қазақстандағы жеке маркалардың үлесі екі есеге жуық өсті, ал сатып алушылардың 60%-дан астамы мұндай өнімдерді айына кемінде бір рет сатып алады. Бұл қолжетімді әрі сапалы тауарларға деген тұрақты сұраныстың бар екенін көрсетеді.

Көрменің алғашқы күнінен бастап белсенді байерлік бағдарлама жұмыс істеуде. Magnum, Small, Anvar, Toimart, Airba Fresh, Korzinka, Wildberries, Flip.kz, Fix Price, bi1, Globus және басқа да ірі сауда желілерінің өкілдері өндірушілермен кездесіп, ынтымақтастық шарттарын, жаңа маусымға арналған ассортиментті талқылап жатыр. Қатысушылар үшін сертификаттау, қаптама, логистика, шикізатпен қамтамасыз ету және экспорттық мүмкіндіктер бойынша кеңес берілетін арнайы аймақ ұйымдастырылған

Алдағы үш күн ішінде NFA Expo-2025 жаңа брендтердің таныстырылымына, өнімдер көрсетіліміне, шеберлік сабақтарына, іскерлік кездесулер мен келіссөздерге арналған маңызды алаң болмақ. Көрме кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, 28 қарашаға дейін жалғасады.

Шара Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтіп жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1114137?lang=kk