Таңдау туралы диалог: СҚО-да сотталғандар жастармен жүздесті
05.12.2025 11:10:51 161
Петропавлда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған профилактикалық кездесу өтті.
Жастар алдында облыс прокуратурасының өкілдері, СҚО бойынша ҚАЖ департаменті мен полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ қоғам белсенділері сөз сөйледі. Спикерлер құқықтық жауапкершілік, құқықбұзушылықтың алдын алу және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – №48 және №50 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен ұйымдастырылған телекөпір болды. Олар өздерінің өмірлік қателіктері, ойланбай жасаған әрекеттері, «жеңіл ақшаға» қызығушылық және ортаның ықпалы оларды қалай темір торға әкелгені туралы ашық айтты. Бұл шынайы әңгімелер жастар үшін үлкен сабақ болып, кез келген құқықбұзушылықтың салдары ауыр екенін айқын көрсетті.
Қатысушыларға алаяқтық, алаяқтарға көмектесу, бұзақылық және есірткі тарату сияқты құқықбұзушылықтардың салдары түсіндірілді. Сонымен қатар «Закладчики. Расплата» деректі фильмінен үзінділер көрсетілді, онда есірткі тарату фактісі бойынша сотталғандардың тағдырлары баяндалады.
Бұдан бөлек, жастармен белгілі спортшылар — WBA Super және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, WBA уақытша чемпионы, EBU тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы Жанат Жақиянов және жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының жүлдегері Маргарита Мукашева кездесті. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды өз күшіне сенуге, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға және адал еңбектің жолын таңдауға шақырды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті: оқушылар мен студенттер сұрақтар қойып, пікірлерімен және әсерлерімен бөлісті.
Жалпы, кездесуге 300-ден астам жас қатысып, білім беру ұйымдары арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duissko/press/news/details/1119656?lang=kk