Басты назарда – Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың позитивті динамикасы

Басты назарда – Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың позитивті динамикасы

05.12.2025 16:40:44 107

Варшава, 2025 жылғы 4 желтоқсан – Қазақстанның Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Республикасының экс-Президенті Александр Квасьневскиймен кездесті.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат А.Квасьневскийге Қазақстан мен Польша арасындағы тығыз, достық және одақтастық қатынастардың берік негізін қалаудағы тарихи үлесі үшін терең алғысын білдірді. Сондай-ақ Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздерін жеткізді.

А.Квасьневский Қазақстанның қазіргі ішкі және сыртқы саясатын жоғары бағалап, оның салмақтылығы, ымыраға келуге ұмтылысы, төзімділік пен халықаралық диалогқа ашықтығы ерекше атап өтілетінін жеткізді.

Кездесуде гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Польшада 3 000-нан астам қазақстандық студенттің білім алуы екі ел арасындағы білім және мәдени байланыстарды кеңейтуге елеулі үлес қосатыны атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі польша диаспораларының бірі тұрады. Ол екі халық арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің кеңеюі іскерлік, гуманитарлық және қоғамдық байланыстарды дамытуға едәуір серпін беріп отырғаны да атап өтілді.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін де талқылады. Елші агроөнеркәсіп және фармацевтика салаларында Қазақстан мен Польша арасындағы сауда қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын айтып, өзара тиімді әріптестікті әрі қарай кеңейтуге Қазақстанның мүдделі екенін білдірді.

Тараптар ашық диалогты жалғастыруға және екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті екенін растады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1120037?lang=kk