Қазақстан БҰҰ-да Халықаралық еріктілер жылының тұсаукесер рәсіміне қатысты
06.12.2025 12:50:20 192
Нью-Йорк, 2025 жылғы 5 желтоқсан – БҰҰ штаб-пәтерінде 2026 жылғы Орнықты даму жолындағы Халықаралық еріктілер жылының (Халықаралық еріктілер жылы) ресми басталуына арналған жоғары деңгейдегі рәсім өтті.
Қазақстан, Германия және БҰҰ Еріктілер бағдарламасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шараға мүше мемлекеттер, азаматтық қоғам, академиялық орта мен жеке сектор өкілдері қатысып, еріктілік қызметін 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін іске асырудағы маңызды тетік ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясының 78/127 қарарымен жарияланған Халықаралық жыл еріктілердің тұрақты даму мен жаһандық орнықтылықты нығайтуға қосатын үлесін мойындауға және күшейтуге бағытталған.
Бас Ассамблея Төрайымы Анналена Бербок кіріспе сөзінде еріктілерді «тұрақты дамудың тірегі» деп атады.
Президент Қ.Тоқаев бейнеүндеуінде Халықаралық жылдың басталуын ресми түрде құптап, күрделі жаһандық жағдайда еріктілік «қуатты жасампаз күшке» айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы еріктілердің адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу және қоғамдағы ынтымақты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Президент Қ.Тоқаев табиғи ландшафтарды қалпына келтіруге мыңдаған азаматты жұмылдырған «Таза Қазақстан» акциясы мысалында мемлекеттің еріктілік қозғалысын дамытуға бейілділігін атап өтті. Сонымен қатар Президент Алматы қаласының БҰҰ қолдауымен халықаралық ынтымақтастық хабы ретінде стратегиялық дамыту жоспарларын, оның ішінде БҰҰ Еріктілер бағдарламасының субөңірлік кеңсесінің ашылуын жариялады.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те жаһандық қоғамдастыққа және қызмет атқарып жүрген БҰҰ-ның 14 мың еріктісіне арнайы үндеуін жолдады. «Саяси алауыздық пен әлеуметтік оқшаулану кезеңінде еріктілік адамдар арасындағы байланысты нығайту және ортақ адами құндылықтарымызды күшейтудің қуатты құралы. Дағдарыс пен белгісіздік уақытында сіздер армандаған өзгерістің бастамашысы бола аласыздар» – деді ол.
Іс-шарада Қазақстан атынан қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі азаматтық қатысудың жаңғыртылып жатқаны туралы айтып берді. «Қазақстан үшін Халықаралық жыл – мейірімділік, бірлік және ортақ жауапкершіліктің салтанаты» – деп атап өтті ол. Ол жасанды интеллектті пайдалана отырып, төтенше жағдайларға әрекет етуді оңтайландыратын «цифрлық еріктілер» санының артып келе жатқанын атап өтіп, бүгінде Қазақстанда 300 мыңға жуық белсенді ерікті бар екенін хабарлады. Ж.Мәдиев алдағы Еріктілер жылы аясындағы Іс-шаралар жоспарын таныстырды, оның ішінде Арал және Каспий теңіздерін қалпына келтіруге бағытталған экологиялық бастамалар бар.
Салтанатты рәсім барысында 2026 жылғы «Әлемдегі еріктіліктің жағдайы туралы баяндаманың» таныстырылымы өтті. Бұл стратегиялық құжат алдағы науқанның негізін қалауға бағытталып, еріктіліктің бейбітшілікті нығайту мен гуманитарлық көмек көрсету салаларындағы маңызды рөлін айқындайды.
«Қазақстан БҰҰ-ға барлық мүше мемлекетпен тәжірибе алмасуға және осы Халықаралық жылды нақты іс-әрекеттер, өзара қолдау және жасампаз шешімдер кезеңіне айналдыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын» – деп түйіндеді Ж.Мәдиев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1120435?lang=kk