АЙКӨЛ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА АУЫЗСУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
01.12.2025 15:47:55 376.png)
2025 жылғы 1 желтоқсан күні Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Айкөл тұрғын алабында ауызсу жүйесінің іске қосылу салтанатты шарасына қатысты. Бұл оқиға – аудан тұрғындары ұзақ күткен, маңызды әлеуметтік мәселенің шешімі. Бұған дейін қала әкімімен кездесулер барысында халық көп жылдан бері ауызсу тапшылығы өздерін алаңдатқанын айтып, тиісті инфрақұрылымды жүргізуді сұраған болатын. Осы өтініштер ескеріліп, жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Жобаның негізгі мақсаты – Айкөл тұрғын алабын сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз ету. Осыған орай 14,7 шақырым су құбыры салынды. Құрылыстың нәтижесінде жеке тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар – жалпы саны 38 нысан тұрақты ауызсуға қол жеткізді. Бұл өз кезегінде аймақ тұрғындарының күнделікті тұрмыс жағдайын жақсартып, өмір сапасын айтарлықтай арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Іске қосу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент қаласы тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың жалғаса беретінін атап өтті. Ол демеушілерге, мердігер ұйымдарға және барша еңбек еткен қызметкерлерге ризашылығын жеткізді. Жоба уақтылы әрі сапалы орындалып, қысқа мерзім ішінде аяқталғанын ерекше атап өтті. Әкім бұл – билік, кәсіпкерлер және халық арасындағы өзара сенім мен бірлескен жұмыстың айқын нәтижесі екенін сөз етті.
— Айкөл тұрғын алабының халқы үшін бүгін ерекше қуаныш. Таза ауызсудың қолжетімді болуы – әр азаматтың басты қажеттіліктерінің бірі. Қауіпсіз, таза су – денсаулықтың кепілі. Сондықтан біз қаладағы әрбір елді мекенге сумен қамтамасыз етуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырамыз. Алда әлі де көптеген жұмыстар бар. Инфрақұрылымды дамыту жалғасады, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Шараға қатысқан тұрғындар да әкімге және жобаға атсалысқан барлық азаматтарға алғыстарын білдірді. Олар енді тек сумен ғана емес, алдағы уақытта табиғи газ жүйесін тарту мәселесін де көтеріп, өтініштерін қала басшысына жеткізді. Өз кезегінде әкім бұл мәселенің де кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Айкөл тұрғын алабындағы су жүйесінің пайдалануға берілуі – әкімдік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогтың, халық үніне құлақ асатын билік қағидасының нақты көрінісі. Бұл жоба – қала халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған жедел әрі тиімді қадамдардың бірі. Қазіргі таңда Шымкент қаласы қарқынды дамып келеді, жаңа шағынаудандар мен елді мекендер бой көтеруде. Осыған сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту – күн тәртібіндегі өзекті міндет.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, Шымкентте ауызсумен қамту көрсеткіші 99,5 пайызға жетті. Бұл – республикалық деңгейде жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары шаһарда тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету бағытында көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылды. Әсіресе қалаға жаңадан қосылған елді мекендерді ауызсуға қосу – басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
2025 жылы бірқатар ірі жобалар сәтті аяқталды. Текесу, Қызылжар-2 және Айкөл елді мекендері құбыр желілерімен қамтылып, жүздеген отбасы таза суға қол жеткізді. Бұрынғыдай тасымал сумен немесе уақытша құдықтармен күн көру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына, демографиясына және халықтың әл-ауқатына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Айкөл тұрғын алабы – әлеуеті жоғары, болашағы зор аймақ. Мұнда жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынып, халық көшіп келуде. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту – аймақтың дамуына берік негіз қалайды. Су жүйесінің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Алдағы уақытта мұнда жолдар жөнделіп, электр жүйесі жаңартылып, табиғи газ өткізу жұмыстары жалғаспақ.
Бүгінгі айтулы оқиға тұрғындардың көңіліне қуаныш сыйлап, болашаққа деген сенімін күшейтті. Шымкент қаласының әкімдігі халықтың ұсыныс-пікіріне әрдайым назар аударып, өзекті мәселелерді шешу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеді. Әкімдік тарапынан әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру, абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғасын табады.
Айкөл тұрғын алабының тұрғындары өз кезегінде бірлік пен қоғамдық белсенділік танытып, барлық бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі жетістік – сол ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Бұдан былай олар таза суды еркін пайдаланып, тұрмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алады.
Жалпы, қала тұрғындарының сапалы өмір сүруіне жағдай жасау – кез келген мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты. Осы тұрғыда су жүйесінің іске қосылуы – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.