Қазақстанның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев ДМҰ-ның Бас хатшысы Селесте Сауломен кездесті
09.12.2025 15:10:43 211
Женева, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Бүгін Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев ДМҰ-ның Бас хатшысы Селесте Сауло ханыммен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДМҰ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, оның ішінде өңірлік бірлескен бастамалар, ұлттық гидрометеорологиялық әлеуетті нығайту, жаһандық климаттық бастамаларға қатысу және Early Warnings for All (EW4All) бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ 2026 жылы Қазақстанда өтетін Өңірлік Экологиялық Саммитке дайындыққа ерекше назар аударылды.
Тұрақты өкіл Төребаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің атынан ДМҰ Бас хатшысын Саммитке қатысуға ресми түрде шақырды. ДМҰ-ның қатысуы және Селесте Сауло ханымның жеке қатысуы өңірдің климаттық тұрақтылық пен төтенше жағдайлар туралы ерте хабардар ету жүйелерін нығайту жөніндегі күш-жігерін алға жылжытуда шешуші рөл атқаратыны атап өтілді.
Тараптар сондай-ақ ДМҰ-ның Саммиттің Орталық Азияда ерте ескерту жүйелерін дамытуға арналған тақырыптық сессияларына қатысу мүмкіндігін, ұлттық метеорологиялық қызметтер және БҰҰ агенттіктерімен өзара іс-қимылды талқылады.
Селесте Сауло ханым Қазақстанның климаттық қауіпсіздік саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалап, күн тәртібіндегі барлық бағыттар бойынша әрі қарай ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1121924?lang=kk