Қазақстан Варшавада өткен рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесінде мәдениеті мен дәстүрлерін таныстырды

Қазақстан Варшавада өткен рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесінде мәдениеті мен дәстүрлерін таныстырды

09.12.2025 15:10:47 101

Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігі Польша Президентінің жұбайы Марта Навроцканың патронажы аясында Варшавада өткен жыл сайынғы рождестволық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.

Қазақстандық стенд жәрмеңкедегі ең көрнекті әрі мазмұнды стендтердің бірі болып, экспозициялардың алуан түрлілігімен, этникалық колоритімен және қонақжай атмосферасымен көпшіліктің назарын өзіне тартты.

Сувенирлердің, қолданбалы өнер бұйымдарының және ұлттық тағамдардың кең таңдауы келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып, жоғары пікірлерге ие болды.

Дипломатиялық миссия қызметкерлерінің жұбайлары әзірлеген қуырдақ, мәнті, бауырсақ және самса келушілердің айрықша назарын аудартты.

Қазақстанның ұлттық тағамдарымен танысудан бөлек, жәрмеңкеге келген қонақтар елдің бай музыкалық мұрасына да куә болды. Қазақстандық студенттер домбыра мен қобызда ұлттық күйлер мен әндерді орындап, бұл көрініс көрермендердің зор қызығушылығын тудырған жарқын мәдени ұсынысқа айналды.

Іс-шараға қатысу еліміздің бай мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыруға ғана емес, сонымен қатар мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық бастамаларына үлес қосуға мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, іс-шараға 60-тан астам дипломатиялық миссия мен 20 қайырымдылық ұйымы атсалысты.

Анықтама үшін: Дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесін жыл сайын Польшада аккредиттелген миссия басшыларының жұбайлары қауымдастығы (SHOM) ұйымдастырады. Дәстүрлі түрде, іс-шарада елдер өздерінің ұлттық брендтерін, қолөнерін, тағамдарын және мәдениетін, сондай-ақ шығармашылық қойылымдарын көрсетеді.

Жәрмеңкеден түскен барлық қаражат Польшадағы әлеуметтік және гуманитарлық жобаларды қолдауға жұмсалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1121915?lang=kk