Қостанайда I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумы өтті
09.12.2025 19:40:32 242
Ағымдағы жылдың 8-9 желтоқсан күндері Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумының пленарлық отырысы өткізілді.
Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Білім және ғылым министрлігі, Білім министрлігінің өкілдері, «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері, елдегі жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік ассамблеялардың басшылары қатысты.
Форум студенттік қауымдастық үшін тәжірибе алмасу, жаңа мүмкіндіктерді дамыту және студенттік ортадағы бірлік пен келісімді нығайту алаңы болды.
Қазіргі таңда Қазақстанда университеттер мен колледждерде 100-ден астам студенттік ассамблея құрылып, олар «Ассамблея жастары» ұйымының белсенді мүшелері ретінде жастардың болашақ көшбасшыларын қалыптастыруға үлес қосуда.
Қостанай облысында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде: олардың дамуы үшін нақты жағдайлар жасалуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында соңғы үш жылда өңірде 27 білім нысаны, 35 спорт нысаны, 37 денсаулық сақтау объектісі, 6 мәдениет нысаны салынды, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 15 мың пәтер пайдалануға берілді.
Жастарды қолдау мақсатында жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда. 2022 жылдан бері «Қостанай жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып, оған шамамен 6 млрд теңге бөлінді — нәтижесінде 344 жас отбасына баспана берілді. Биыл Отбасы банк 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несиелерді беруді жалғастырады.
Жастарға қосымша білім беру машина жасау, металлургия және тау-кен ісі, экономика және құрылыс, энергетика және ақпараттық жүйелер бойынша ашық жоғары мектептер арқылы жүзеге асырылуда. Қазір жаңа өндірістерде 55–70%-ы 35 жасқа дейінгі жастар, ал бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта береді.
«Қазақстанның болашағы — талантты әрі патриотты жастардың қолында. Біз олардың энергиясы, шығармашылығы мен дамуға ұмтылысы қоғамға пайда әкеліп, іс жүзінде жүзеге асуы үшін барлық жағдай жасауымыз керек» - деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қостанайдағы I Республикалық Студенттік Ассамблеялар форумы қатысушыларға құнды тәжірибе, жаңа білім және студенттік қауымдастықта алдағы жұмыстарға мотивация берді, сондай-ақ бүкіл ел бойынша студенттік өзін-өзі басқаруды нығайтуға серпін берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1122341?lang=kk