«VOSTOK TRADE LLP» КОМПАНИЯСЫМЕН КЕЗДЕСУДЕ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
10.12.2025 10:20:12 150
Шымкент қаласы әкімі «Vostok Trade LLP» компаниясының басшылығымен кездесіп, «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынып жатқан қара қорғасын мен мыс өндіретін зауыттың құрылыс барысын талқылады.
Құны 5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны іске қосу келесі жылға жоспарланған. Жоба аясында 200 жаңа жұмыс орны ашылып, болашақ кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 30 мың тонна өнімді құрайтын болады.
Кездесу барысында қажетті құжаттарды рәсімдеу, өндірістік инфрақұрылымды қамтамасыз ету және қосымша шешімді қажет ететін бірқатар мәселелер қаралды. Талқылау қорытындысында барлық талаптардың орындалуы мен рәсімдердің уақытылы аяқталуының маңыздылығы атап өтілді.
Қала әкімі жауапты тұлғаларға заң аясында тиісті қолдау көрсетуді тапсырды. Аталған жоба өнеркәсіп саласының дамуына, қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.